Ринат Зайытовты босатуды талап еткендердің ұсталғаны рас па? Полиция жауап берді

0

10 маусымда танымал айтыскер ақын Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдында тұрғындарды жиып, үндеу жасаған еді. Артынша айтыскер ұсталғаннан кейін мыңға жуық адам полиция департаментінің алдына жиналып, оны босатуын талап еткен. Полиция мәліметінше, оқиғадан кейін кей тұрғындар тәртіп бұзушылық жасаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Полиция 10 маусымда кешкі сағат 18:00 мен түнгі сағат 02:00-ге дейін адамдар тобының тәртіп бұзушылық жасап, тұтқындалғанын растады. Құқық қорғау органдары алдағы уақытта аталған оқиғаға қатысты құқықтық баға береді, дейді ведомстводағылар. 

Қалалық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, 10 маусымда кешкі сағат 18:00 шамасында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдында Ринат Зайытовтың үндеуі бойынша адамдар тобы жиналған. Олар заңсыз митинг өткізбек болған. Қатысушылар полицейлердің тарау туралы талабын ескермей, қарсылық танытып, тұтқындалған. Сонымен қатар олардың кейбірі Алматы Арена аумағындағы жолды жауыпты. 

«Зайытовпен түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін, ол босатылды. Бұл кезде Алматы қалалық полиция департаментінің алдына оны қолдаған адамдар тобы жиналды. Зайытов үйінен келіп, олардан үйіне тарасуды, заңсыз митингтерге қатыспауды және арандатуға ұшырамауды өтінді. 

Жиналғандар бірнеше топқа бөлініп, қала бойынша тарасты. Алайда олардың бірі жеке көліктерімен Төле би және Абай даңғылдарындағы қозғалысты тоқтатты. Бір сап бойынша қозғалған 3-4 көлік жылдамдықты төмендетіп, дыбыстық сигналдар беріп, көліктің терезесінен шығып, қозғалысты бұзды. Сол кезде дәл осы көшелермен келе жатқан адамдар тобы жолды жауып, апаттық жағдай тудырды. Адамдар өздерін дөрекі ұстап, қатты айқайлап, ысқырды. Құқық бұзушылар нақты талаптарын айтпады», — дейді полициядағылар. 

Полиция мәліметінше, екіншіден, заңсыз акцияларға қатысушылар бірнеше қылмыс жасаған. Түнгі уақытта Төле би даңғылы мен Өтеген батыр көшесінің қиылысында заңсыз акцияға қатысқан жүргізушілердің бірі жолдағы қозғалысты реттеу бойынша қызметін атқарып тұрған жол-патруль полициясының қызметкерін қағып кеткен. Соның салдарынаноның аяғы сыныпты.

Ал жүргізуші оқиға орнынан із суытқан. Артынша ол ҚР ҚК 345-бабында қарастырылған қылмыс белгілерімен ұсталды. 

Сонымен қатар Алатау ауданында кешкі уақытта адамдар тобы полицияның қызметтік көлігіне тас лақтырып, терезесін сындырып, зақымдаған. Олар мас болған екен. Оқиғадан кейін тәртіп бұзушылар ұсталып, аталған факт ҚР ҚК 293-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарының бірыңғай тізімдемесіне енгізілді. 

«Үшіншінден, аталған құқықбұзушылықтар бойынша кешкі және түнгі уақыттарда «102» пультіне азаматтардан 1 250 шағым түсті. Олардың 70 пайызының шағымы түнде орын алған оқиғаға қатысты. Тұрғындар адамдардың шуы мен айқайынан шошыған. Жүргізушілер жол ережесін бұзғандарға шағымданды. 

Полиция органдары заңсыз әрекеттерге жол бермеу үшін тиісті шараларды қабылдады. Құқық бұзушылар тұтқындалды», — дейді полициядағылар. 

Полиция қазіргі уақытта Алматыдағы жағдай бақылауда екенін атап өтті. Көшелердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шаралар қабылданған. 

Өз кезегінде қалалық полиция қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол берілмейтінін және кез келген заңға қайшы, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге қатысты заңға сәйкес шара қабылданатынын ескертті. 

stan.kz