Ринат Зайытов Қазақстанның болашақ Зеленскиі атана ма?

0
373

Белгілі ақын Ринат Зайытов Адырна сайтына сұхбат беріп, елімізде болып жатқан соңғы қоғамдық-саяси оқиғаларға қатысты пікір білдірді. Ол қоғамды өзгерістерге қадам басуға, сайлауға міндетті түрде қатысуға шақырып, десе де болашаққа деген үрей жоқ еместігін айтады.

Айтыскер ақын «Шындықтан қаша алмайсың» деп плакат алып шығып, Алматыдағы марафон кезінде ұстанымдарын, көзқарастарын білдірген жастарға риза екенін жасырмады.

«Ал үкіметтің реакциясы белгілі еді, үйреншікті жағдайға айналған» дейді ол.

«Алдағы келе жатқан сайлау сананың серпілуіне, қоғамның дүр сілкінуіне әкелетін сайлау деп өзім көп күтемін. Қараша халық қазір оянды, ойланды. Оянбасына шамасы да, мұршасы да қалмады, толыққанды оянды деп айтуға қиын, әрине. Осы сайлау түрткі болып, баршасы оянып, айналасына қарайтын сайлау болмақ», – деген пікірде қоғам қайраткері.

Алдағы сайлауға түсетін үміткерлердің ішінде ол Әміржан Қосановты қолдайтынын жеткізіп, «Қанша жыл билікте жүрсе де осы Алматыдан ең болмағанда екіқабатты коттедж салып алмағынына ризамын» деп қосты. Ринат сайлауға міндетті түрде қатысу керек екенін қадап, сайлауға бойкот жариялау ақымақтық екенін айтты.

«Бізде халық өзгерістен қорқады, бұдан жаман өмір сүретін шығармыз деп. Ал бәлкім жақсы өмір сүретін шығармыз?! Біз ешкімге мүмкіндік бермедік қой, енді берейік», – деп шақырады Ринат.

Сонымен қатар Зайытов ел болашағына алаңдайтынын жасырмады. «Жастардың болашағына күмәнмен қараймын, жастар шетелде оқып, сол жерге көшкісі келеді. Бірақ оларға кінә қоя алмайсың. Қазақстанда «Жаңа 100 есім» деген бар, қайда сол «100 есім»? Ашып жатқан түк жаңалықтары жоқ. Біздің қазақтың бас қосқан жерінде жалғыз айтатын тілегі «балам Ринаттай ақын болсын», «Тоқтардай әнші болсын», неге Қайраттай қайраткер болсын, Қаныштай ғалым болсын деп тілемейді? Себебі ондай мүмкіндік елімізде жоқ. Сосын қашпағанда қайтеді? Бүкіл мейрамхана-кафелерде металлург, физик оқуын бітіргендер даяшы болып жүр, біреудің тамағын тасып жүр. Өйткені оларда басқа мүмкіндік жоқ. Жалпы қазіргі білім жүйесін, ҰБТ-ны қолдамаймын. Маңызды дүниеге көзді жұмып, қалай адам таңдауға болады. Баяғыда өзім «Ұлттың болашағы тоқырату» деп тәржімалағам. Бұрынғы кеңестік жүйедегі білім беру саласы өзін дәлелдеген болатын, соны қалдыру керек еді», – дейді ол.

Жүргізушінің «Украинадағыдай Зеленский болу ойыңызда жоқ па?» деген сауалына, айтыскер ақын «Жоқ, мүлдем жоқ. Маған телефон арқылы хабарласқандар көп, өзің сайлауға неге түспедің деп? Бірақ ел басқару үшін бір жыл емес, бірнеше жыл оған дайындалу керек. Бүгін келе салып, иә, мен сөйлеп жүр екенмін, иә, мен қазақтың мұңын түсінеді екенмін деп таққа отыра салғанымен, мен саясатты түсіне қоймамын. Қазір мен Қытайдың басшысымен қалай сөйлесу керек екенін, не Ресей басшысымен қалай тілдесу керек екенін білмеймін. Тіпті елестете алмаймын. Елу жылда ел ағасы дейді. Елді басқаратын адам 40-пен 50-дің арасында болуы керек» деп жауап берді.

«Мен қазақ деп отырғанда тек қазақ ұлтын айтып отырған жоқпын, елімізде тұратын бүкіл халықты қазақ деп отырмын. 2020 жылы 20 млн боламыз деп ұрандатқан билік қазір көпбалалы аналарды зар жылатып жатыр. Болашағымызға алаңдаймын, мысалы, баланың перзентханада туылуына пара беруің керексің. Балабақшаға тіркеу үшін тағы беру керексің. Дұрыс мектепке орналастыру, жақсы бітірткізу, оқуға түсіру, зейнетке жақсы шығу үшін, тіпті өлгеннен кейін жер бұйыру үшін пара беру керексің. Тал бесіктен жер бесікке дейін пара беріп жүрген халық, әрине, алаңдамай қоймайды. Қалтасында бір тиыны болмаса, мен қайда барам деп уайымдайды», -деп жалғастырды Ринат Зайыто.

Айтыскер ақын сондай-ақ біздің билік ұрандатып жүрген «тұрақты, экономикасы дамыған мемлекетті» «Мен де көргім келеді. Мен тұрып жатқан мемлекет ондай деп айта алмаймын. Түрлі бағдарламалар жасалады, бірақ бірі орындалып жатқан жоқ. Коммерсанттар билікке келгеннен кейін, барлығы алып-сатарларға айналды», – деп пікір білдірді.

stan.kz