Ринат Зайытов: 7-сынып оқып жүргенде әкем отбасымыздан кетіп, менің мұғаліміме үйленіп алды

0
825

Белгілі ақын Ринат Зайытов балалық шағы, ата-анасының ажырасуы, қазіргі мақсаты жайлы бүкпесіз жайып салды.

Бұл туралы ақын Еуразия бірінші арнасының «Ең алғашқы» бағдарламасында айтты.

Жетінші сыныпта оқып жүргенде, әкесі отбасынан кететінін мәлімдеген. Бала Ринатқа бәрінен де әкесі мен оның жаңа әйелі жұмыс жасайтын мектепке күнде бару ауыр соққан. Себебі әкесінің жаңа әйелі Ринатқа тарих пәнінен сабақ берген.

«Мен бәрін түсінетіндей жаста емес едім. Ағаларым «әкеміз неге бұлай істеді?» деп жатты. Мен мұны тек сотта сезіндім. Сотта менен әкең жаққа барасың ба, шешең жаққа барасың ба деп сұрақ қойды. Сол кезде екеуінің бірін таңдауым керектігін түсіндім. Сол ауыр тиді. Әкемнің қосылған адамы менің тарих мұғалімім болды. Маған ол мектепте оқу мүмкін емес болды. Күнде балалармен төбелесе бастадым, біреу мазақтайды.

Содан заттарымды жинап, Семейде тұратын үлкен ағам Алмастың қолына кеттім. Дәл сол жылы темекі тарта бастадым. Менің теріс қылықтар істеуім, қылмыстық элементтері бар әрекеттерге баруым, сондай балалардың қасында жүргім келгені – әкем кетіп қалғаннан кейін өзімді тәуелсіз, күшті адам сезінгім келген шығар», – деп өткенді еске алды Ринат Зайытов.

Бүгінде өзі көп балалы әке болып отырған Ринат әкесін еш сынай алмайтынын, өмірде әкесінің барына шүкір ететінін айтты.