Режиссер Рүстем Есдәулетов атындағы фестивальдің жеңімпаздары марапатталды
Екі жылда бір рет өткізілетін айтулы фестивальге биыл Өскеменнің өз театрларынан бөлек, Астана, Алматы, Қарағанды, Петропавл, Павлодар, Семей қалалары мен Түркістан облысының Жетісай театрынан барлығы 9 өнер ұжымы қатысып, бақ сынады. Әр театрдың әкелген спектакльдері тақырыптық қана емес, жанрлық, мазмұндық һәм формалық тұрғыда сан алуан. Үш күн бойы қала тұрғындары мен қонақтары саф өнермен сусындады, фестивальге қатысушы театрлар тәжірибе алмасып, жаңа туындыларын талғамы жоғары өнерсүйер қауым – кәсіби театр сыншылары мен көзі қарақты көрермен назарына ұсынды.
Фестиваль қорытындысы бойынша, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан үздік қойылымдар арнаулы аталымдар бойынша марапатталды. Қазылар алқасының шешімімен, бас жүлде – Гран При режиссер Батырбек Шамбетов қойған Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» драмасы үшін С. Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының еншісіне бұйырды.
Ал Рүстем Есдәулетов атындағы арнайы сыйлық Алматы қаласы Мемлекеттік қуыршақ театрының «Медея» (Еврипид) спектакліне және «Үздік режиссура» аталымындағы жүлде аталған қойылымның режиссері Айдын Салбановқа табысталды. Астана қаласы әкімдігінің М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актері Сергей Матвеев «Наедине с Пушкиным» моноспектакліндегі ізденісі үшін «Фестивальдің үздік актері» атанса, Б.Омаров атындағы «Жас сахна» театры ұсынған Э.Шмиттің «Мой маленький Оскар» қойылымындағы Оскар рөлі үшін Марианна Покровская «Фестивальдің үздік актрисасы» аталымында топ жарды.
«Екінші пландағы ер адам ролі» Астана қаласының Жастар театры атынан қатысқан «Тасбақа үміт» (Н. Коляда) қойылымындағы Тасбақа рөлі үшін Бейбіт Құсанбаевқа, ал «Екінші пландағы әйел адам рөлі» аталымындағы жүлде Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының «Атау кере» (О. Бөкей) драмасындағы Нүрке ролі үшін Роза Тәжібаеваға табыс етілді. «Көрермен көзайымы» аталымында С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актрисалары: «Қайран жас дәурен» қойылымындағы Р. Песочинская ролі үшін Гүлсара Рашқалиева, Воронкова ролі үшін Бижамал Кемалова және Барабанова ролі үшін Нұржібек Жансүгірова марапатталады. Сонымен қатар Ш.Айтматовтың «Жәмилә» спектакліндегі Сейіт ролі үшін Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының актері Сағитжан Арипханов «Үміт», ал Семей қаласы Ф. Достоевский атындағы мемлекеттік орыс драма театрының «Ниоткуда с любовью» қойылымы «Шығармашылық ізденіс» номинациясына ие болды.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»