Ресейшіл содырлар мақтанып, MH17 ұшағы құлаған күн

0
79

Шығыс Украинадағы бір шалғай ауылдың түбінде Malaysia Airlines компаниясының MH17 (ЭмЭйч он жеті) рейсті ұшағының қалдықтары әлі түтіндеп жатты. Амстердамнан Куала-Лумпурға ұшып бара жатып кенеттен қазаға ұшыраған 298 fадамның парша-парша болған мәйіттері бірнеше шаршы шақырым аумақтағы бидай мен күнбағыс егілген алқапта шашылып жатты. Ресейдің ақпарат құралдары атып түсірілген ұшақ туралы хабарды бірінші болып таратты.

Кремльшіл LifeNews телеарнасының дикторы: «Донецкідегі сарбаздардың жаңа жеңісі: Торез қаласының қасында Украинаның тағы бір ұшағы атып түсірілді» деді. Жүргізушінің «сарбаздар» деп отырғаны Донбаста Украинаның әскерімен соғысып жатқан Ресей қолдайтын сепаратистер еді.

2014 жылғы шілденің 17-сінде ұшақты атып түсіру туралы хабар телеарнаның бас жаңалығына айналды. Диктор сепаратистердің триумфы туралы егжей-тегжейлі айта бастады.

«Көтерілісшілер (сепаратистер – ред.) Украина әуе күштерінің және бір жүк ұшағын атып түсіргендерін айтады. Бұл оқиға өзін-өзі Донецк халық республикасы деп жариялаған аймақтағы Торез қаласының үстінде, Мәскеу уақыты бойынша шамамен кешкі сағат 17.00 кезінде болған. Украиналық Ан-26 ұшағына кенет зымыран тиіп, жарылып кеткен соң төмен құлдилай жөнелген», – дейді жүргізуші.

Әлбетте, ұшақ Украинаның әскери әуе көлігі емес еді. LifeNews эфирде көрсеткен әуесқой видеода аспанда қара түтінді жолаққа айналып көкжиекке сіңген MH17 рейсті жолаушылар ұшағы болатын.

Әуелгі жаңалықтар, әлеуметтік желі жазбалары мен куәгерлер сөзі сияқты айғақтарды құрап шыққанда көрінген жайт – ресейшіл сепаратистер басында жаудың ұшағын атып түсіргендеріне шүбә келтірмеген. Нендей қорқынышты трагедия туғанын білмей тұрып өз істеріне разы болып, мақтанған. «Боинг-777» ұшағымен қаннен-қаперсіз ұшып бара жатқанда мерт болған ондаған ересек пен бала 17 елдің азаматтары еді.

Халықаралық тергеу тобы MH17 ұшағының ресейшіл сепаратистердің қол астындағы территориядан Ресейдің 53 зенитті зымыран бригадасының жер-әуе «Бук» зымыран кешенінен атып түсірілгенін анықтады. Биылғы маусым айында нидерландтық прокурорлар осы қылмысқа байланысты үш ресейлік және бір украиналық азаматқа адам өлтіру айыбын тақты.

Ресей де, сепаратистердің жетекшілігі де нидерландтық прокурорлар келтірген бұлтартпас дәлелге қарамастан MH17 ұшағын құлатуға қатыстары жоқ екендерін айтып келеді.

Бес жылдан кейін ұшақ құлай сала бірнеше сағат ішінде сепаратистер мен ресейшіл БАҚ-тың кейін MH17 болып шыққан ұшақты атып түсіру туралы не дегендерін бір еске түсірейік.

«ҚҰС ТОП ЕТЕ ТҮСТІ»

Ең қатты танылған мәлімдемені ресейлік ВКонтакте желісіндегі сепаратистерді жақтайтын форум таратты. Шығыс Украинадағы қақтығыс туралы жедел ақпарат жеткізіп отыратын топ мағлұматты бұрынғы ФСБ офицері, сепаратистердің командирі Игорь Гиркиннен (Стрелков) алып отырған.

Шілденің 17-сінде Мәскеу уақыты бойынша 17:50 кезінде – әуе дипетчерлері MH17 рейсімен байланысын жоғалтып алғанына жарты сағат толғанда ВКонтакте желісіндегі әлгі топ пост жариялады.

«Торез қаласының аумағында жаңа ғана Ан-26 әскери жүк ұшағын атып түсірдік. Төбемізден ұшпаңдар деп талай ескерткенбіз» деп жазғандар «құс топ ете түскен» кезде «бейбіт тұрғындар жараланбағанын» айтты.

Ресейшіл сепаратист ұшақ құлаған орыннан тауып алған баланың ойыншығын көрсетіп тұр. Шығыс Украина, 18 шілде 2014 жыл.

Ресейшіл сепаратист ұшақ құлаған орыннан тауып алған баланың ойыншығын көрсетіп тұр. Шығыс Украина, 18 шілде 2014 жыл.

Бұл постқа екі видео тіркелген: біріншісінде MH17 ұшағынан қалған үйінді түтіндеп жатыр. Авторы кейін өшіріп тастаса да, интернет архивінде қалып қойған бұл жазбадағы видеолардың бірі LifeNews арнасы көрсеткен клиппен сәйкес екені байқалады.

Бұл жазбаны Стрелковтың өзі жазды деп жаңсақ түсінгендер болған. Bellingcat зерттеушісі Арик Толердің пайымдауынша, видеоклиптерді сепаратист командирдің бір фанаты жариялап жібергенге ұқсайды.

Құлаған ұшақтың жолаушылар әуе кемесі екені анықталғанда пост ізім-ғайым жоқ болды. Оның орнына жарияланған басқа жазбада әуелгі пост «жергілікті жұрт пен көтерілісшілер араласатын» басқа бір форумнан алынған, Стрелков дәлдігін растамаған ақпарат деп сипатталады.

Түпнұсқа постағы екінші видео әлі YouTube-та ашылып тұр. Клипте камераның қасында тұрған жай адамдар ұшақтың қалай «атып түсірілгенін» әңгіме қылады. Бір ер адам анық нені меңзегенін айтпаса да: «Аналар оны бұл жерге бір себеппен әкелген ғой» дейді.

Нидерландтық прокурорлар MH17 рейсті ұшағы Ресейден аз уақытқа әкелінген «Бук» атты зымыран кешенінен атып түсірілгенін, көп кешікпей бір зымыраны кем қару көлігінің қайта Ресейге жеткізілгенін мәлімдеп, түрлі айғақ келтірген.

ФОТОГРАФ

MH17 ұшағы құлаған соң екі жыл өткен кезде франциялық фотограф Жером Сессини сұхбат беріп, трагедия болған күні оқиға орнына қалай барып қалғанын суреттеді. Оның жантүршігерлік жағдай туралы фотосуреттері World Press фото жүлдесіне ие болған еді.

World Press Photo Foundation ұйымымен сұхбатында фотограф 2014 жылғы шілденің 17-сінде ресейшіл сепаратистердің өкілі шақырғанын айтты.

Құтқарушылар MH17 ұшағы құлаған орында табылған мәйіттерді әкетіп барады. 19 шілде 2014 жыл.

Құтқарушылар MH17 ұшағы құлаған орында табылған мәйіттерді әкетіп барады. 19 шілде 2014 жыл.

«Ол (өкіл – ред.) әуелі: «Украинаның әскери әуе көлігін атып түсрдік» деді де, сол туралы хабар таратуымды сұрады, – деп еске алады Сессини.

Сессинидің сөзінше, ұшақ құлаған жерге шығып кеткен соң 15 минуттан кейін басқа бір таныс журналист оған телефон соққан.

«Ол (таныс журналист – ред.): «Аналар Украинада жолаушылар ұшағын атып түсіріпті. Қайда жүрсің?» деді. «Анық жолаушылар ұшағы ма?» деп сұрадым. Ол: «Иә, растайтын мәлімет алдық. 200-дей адам мінген Малайзия әуе жолдарының ұшағы» деді. Сене алмай есеңгіреп қалдым» дейді Сессини.

Азаттық жуырда телефон арқылы хабарласқанда Сессини сепаратистердің өкілімен арада болған әңгіме туралы сұхбаттасудан бас тартты. Бұл жайында әлеуметке барша мәлімет бергенін айтты. Сепаратистермен телефон арқылы сөйлестіріп, жол көрсетіп, делдал болып жүрген адамның атын есіне түсіре алмады. Азаттық үшін әлгі делдалдың кім екенін анықтау мүмкін болмады.

Донецкідегі сепаратистердің баспасөз кеңсесі «шамасы Украина әуе күштерінің Ан-26 ұшағы» деп сипаттап, әуе көлігінің құлағаны туралы твит жариялаған.

Твитте ұшақтың неден құлағаны жазылмаған. MH17 жолаушылар ұшағының атып түсірілгені анықтала сала баспасөз кеңсесі «шетелдік бастықтарды» айыптай жөнелген. ​

«ЕГЕР ЖОЛАУШЫЛАР ҰШАҒЫ БОЛСА, БІЗ АТҚАН ЖОҚПЫЗ»

LifeNews арнасына қоса Ресейдің мемлекеттік ақпарат агенттіктері де MH17 құлаған маңда сепаратистердің «украиналық Ан-26 ұшағын атып түсіргені» туралы жаңалық таратқан.

РИА Новости мен ТАСС екеуі жергілікті куәгерлерге сілтеме жасап, сепаратистердің «ұшақты зымыранмен атып түсіргенін» хабарлаған.

Куәгерлердің бірі РИА Новостиге: «Зымыранның ұшаққа қалай тиіп, жарып жібергенін көрдік. Ұшақ қара түтін будақтап жерге құлап түсті. Қалдықтары көктен саулап құлап жатты» деген.

LifeNews-тің вебсайтында жарияланған бастапқы репортаж мәліметі жоғарыдағыға ұқсас. Бірақ бұл арнаға сепаратистердің өздері де сұхбат беріп «украиналық Ан-26 ұшағын» атып түсіргендерін айтқан.

Бұл үш жаңалықта да сепаратист топтардың содан үш күн бұрын Луганск облысында Украинаның Ан-26 ұшағын атып түсіргені туралы ақпарат бар.

Амстердамның Schiphol әуежайында трагедия құрбандарын еске алушылар әкелген гүл шоқтары. Қаза тапқан 298 адамның 200-і нидерландтықтар еді.

Амстердамның Schiphol әуежайында трагедия құрбандарын еске алушылар әкелген гүл шоқтары. Қаза тапқан 298 адамның 200-і нидерландтықтар еді.

Құлаған ұшақтың малайзиялық жолаушылар әуе кемесі екені анықталған соң РИА Новостидің ақпараты қайта-қайта өзгертіліп, тіпті түсініксіз болып кетті. Тіпті екі ұшақ қатар құлағандай әсер туды. MH17 атып түсірілген маңда екінші ұшақ құлағаны туралы ешқандай айғақ жоқ.

Сепаратистер MH17 ұшағын атып түсіруге қатыстары жоқ екенін жаппай айта бастаған кезде олардың бір жетекшісі, ресейлік әсіре ұлтшыл Александр Бородай РИА Новости агенттігіне: «Бұл расында да жолаушылар ұшағы болса, онда оны атып түсірген біз емес» деді.

«ЕКІ ҰШАҚ» ТУРАЛЫ СӨЗ

MH17 ұшағы құлаған соң бір жылдан кейін трагедия туралы австралиялық телеарна жариялаған видеодан қарулы сепаратистердің шашылған жолаушы заттарын көріп таң қалғандары байқалады.

Видеода олар расында да бір ұшақты атып түсіргендерін, ал мына малайзиялық жолаушылар әуе кемесін украиналық Су жойғыш ұшағы құлатқанын айтады.

«Сухой» жолаушылар ұшағын, біздікілер жойғыш ұшақты атып түсірді деп жатыр ғой» дейді сепаратист командир. Бұл диалогтың толық транскриптін жариялаған News Corp Australia компаниясы видеоны eшығыс Украинадан білдіртпей алып шығып, кейін халықаралық тергеу тобына бергендерін айтады.

Бұл видеоның кейбір бөлігін ұшақ құлай сала сепаратистер BBC телеарнасына берген сияқты.

ВКонтакте форумындағы түпнұсқа форум жазбасында да «атып түсірілген екінші ұшақ – «Сухой» деген сөйлем бар. Бірақ ол ұшақ туралы толық мәлімет жазылмаған. Нидерландтық прокурорлар MH17 жолаушылар ұшағын басқа бір жойғыш ұшақ атып түсіруі мүмкін деген долбардың негізсіз екенін мәлімдеген.

«УКРАИНА ЖАҚТАН КЕЛДІ»

Ресейлік тәуелсіз Новая газетаның жазуынша, өздері жүргізген журналистік зерттеуге сәйкес сепаратистердің жетекшілігі MH17 ұшағы құлай сала жақын араласатын журналистерге хабарласып, украиналық әскери ұшақты атып түсіргендерін айтып мақтанған.

Бұл «әскери жеңіс» туралы хабарды эфирге шығарып жіберсе де, Ресейдің арнайы қызметімен байланысы күшті деп сипатталатын LifeNews арнасы кейін риторикасын бірден өзгерткен.

MH17 ұшағы құлаған жерде жүрген тілшімен тікелей трансляция арқылы сөйлескен студия жүргізушісі «атып түсірілген украиналық Ан-26 ұшағы» туралы мүлдем айтпай қалады.

LifeNews журналисі құлаған ұшақтың жолаушылар әуе кемесі екенін анықтау қиын емес екенін, малайзиялық және нидерландтық паспорттар шашылып жатқанын айтады. Тілші: «Көтерілісшілер берген әуелгі ақпарат бойынша, ұшақ Украина жақтан зымыранмен атып түсірілген» дейді.

«Бұның бәрі – бастапқы ақпарат. Әлі тексеріледі. Ұшақты Украинаның әскери әуе күштері «Букпен» атып түсірген болуы мүмкін» дейді ол.

Azattyq