Ресейліктерге ЖСН берген Мусин халық сынына ұшырады

0

Кеше ресейлік эстрада әншісі Лев Лещенко Алматыдағы Халыққа қызмет көрсету орталығына барғаны туралы әлеуметтік желіде ақпарат тарады, деп хабарлайды Kznews.kz жаңалықтар порталы Ulysmedia.kz. сайтына сілтеме жасап.

Қолданушылар әртіс мемлекеттік қызмет түрі мәселелері бойынша келгенін жазған.

«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының мәліметінше, Лев Лещенко Медеу ауданындағы ХҚКО-ға 16 мамырда келген.

«Расында мемлекеттік қызмет түрі бойынша келді. Заң бойынша көрсетілген мемлекеттік қызмет түрі туралы ақпарат шектеулі дербес деректерге жатады. Жеке деректерді таратуға субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімі болған жағдайда, егер өзге жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделері қозғалмаса ғана таратуға жол беріледі», — деді ведомство баспасөз қызметінің өкілдері.

Қоғам қайраткері, «Серпін» бағдарламасының негізін қалаушы Мұрат Әбенов ХҚКО-ға келген Лев Лещенкоға қатысты жазба жариялады.

«Кезінде саясаттан тыспын деп мәлімдесе де, кейін Қырымды басып алуды қолдаған Лещенко шын мәнінде сепаратизм мен Украина соғысын жақтаушының бірі. Министр Мусин мырза, сіз біресе Сбер келісімін айттыңыз, біресе Ресейге «Боран» зымыран кемесін берейік дедіңіз. Ресейлік бағытқа деген қандай махаббат бұл? Қалайша ЖСН беру осындай деңгейге түсті және неге әрбір келушіге беріле береді. Ресми жауап беруіңізді сұраймын», – деп жазды ол.

Министр Бағдат Мусин Мұрат Әбеновтің бұл жазбасына лезде жауап берді.

«ЖСН-ді резидент емес адамдарға рәсімдеу — ЦОН-дар (“Азаматтарға арналған үкімет” фронт- офистері) арқылы көрсетілетін қызметтердің бірі. Бүгінгі таңда 600-ден астам қызмет ЦОН мен Егов арқылы көрсетіледі. Мурат Абенов жақсы білетіндей, қызмет көрсету нормативтік актілерге сәйкес жүргізіледі. Ал сол актілер қызмет көрсететін мемлекеттік органдарда жазылады, бекітіледі. Нақты бұл қызмет түрін Ішкі істер министрлігі атқарады. Біз еговта немесе Халыққа қызмет көрсету орындарында сол қызметті алу процесін жеңілдетеміз, рәсімдейміз», – деп жазды министр өз парақшасында.

Министрдің бұл жауабына қарағаттанбаған қоғам қайраткері ЖСН беру тәртібінде көптеген олқылықтар бар екенін айтып, ЖСН беру ережелерін қайта қарауды ұсынды.

Айта кетейік, Қазақстан қалаларында Ресей мен Украина азаматтарының саны айтарлықтай өсті. Қазақстандықтар арасында ресейліктердің Қазақстанға жаппай көшуі елдегі жұмыссыздықты күшейтеді деген пікір кең таралған.

Наурыз айының соңында Ресейден Қазақстанға жыл басынан бері 6 300 адам келгені хабарланған болатын.

2022 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда тұрақты тұруға 3,9 мың шетелдік рұқсат алды. Өткен жылы ҚР-да тұрақты тұруға 15,4 мың шетелдік ие болды.

(Фото Ulysmedia.kz)