Ресейліктерге Украинаға кіруге тыйым салынды — БАҚ — Жаһан

0

Украина 16-60 жас аралығындағы ресейліктерге елге кіруге тыйым салды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі «Украинская правда» басылымына сілтеме жасап. Бұл туралы Украина Мемлекеттік шекара қызметінің басшысы Петро Цигикал мәлімдеді.

«Бүгінде шетелдіктердің елге кіруіне шектеу қойылды. Бірінші кезекте, Ресей Федерациясының 16-60 жас аралығындағы азаматтарына, ерлерге», — деді Петро Цигикал.

Бұл тізімге гуманитарлық мақсатта келушілер кірмейді екен, мысалы, жерлеу рәсіміне келу керек болса.

Украина Мемлекеттік шекара қызметінің басшысы қарамағындағы ведомствоның соғысқа дайындықтың 1-деңгейіне ауысқанын және шекараның күшейтілген режимде күзетіліп тұрғанын хабарлады. Айтуынша, Ресей Федерациясы мен Қырым шекарасындағы жасақтар да күшейтілді.

«Украина азаматтарына қатысты айтатын болсақ, оларға ешқандай шектеу жоқ», — деп нақтылады Цигикал.

Еске салайық, 25 қарашада ресейлік шекарашылар Керчь бұғазында украиналық үш теңізшіні ұстаған болатын. Осыдан кейін Украинада соғыс жағдайы енгізілді. Президенттің Жоғарғы Рада сайтында жарияланған бұйрығына сәйкес, соғыс жағдайы Украинада 26 қарашада сағат 14.00-ден бастап енгізілді. Ол 30 күнге дейін созылады — 2018 жылдың 26 желтоқсанына дейін.

Кейінірек Петр Порошенко Украинаға Ресеймен соғысу қаупі төніп тұрғанын мәлімдеген болатын.

«Біз мұндай басқыншылыққа жауап беруіміз керек болды. Сондықтан мен кейбір өңірлерде соғыс жағдайын енгіздім, біз өз елімізді қорғауымыз керек. Мұндай жағдай 2014 жылы болған еді: Путин Украинаның тағы бір бөлігін аннексиялағысы келіп отыр, сол кездегідей әрекет етіп отыр», — деді Порошенко 

Ал Ресей президенті Владимир Путин мұны арандату екенін айтады.