Ресейлік телеарна «Голос Дети» шоуының нәтижесін жойды

0

Ән конкурсында Микелла Абрамова (ресейлік әнші Алсу мен бизнесмен Ян Абрамовтың қызы) 56,5 пайыз дауыспен жеңіске жеткен. Екінші орынды қазақстандық Ержан Максим алған.

«300 НӨМЕРДЕН ЖАППАЙ СМС ЖІБЕРІЛГЕН»

«Первый каналдың» мәлімдеуінше, тексеру «Голос Дети» шоуының нәтижесіне сырттан ықпал болғанын анықтады. Телеарна «дауыс беру процесіне сырттан әсер болғанын, я болмағанын анықтағысы келген. Сондықтан шетелдік компанияға жүгінген». Ал Group-BI компаниясы «бір қатысушыға автоматты түрде жаппай СМС хабарлама жіберілгенін анықтаған».

Group-BI мәлімдеуінше, 07 нөмерлі қатысушыға (конкурс кезінде бұл Микелла Абрамованың нөмері болған – ред.) шамамен 300 телефон нөмерінен бір уақытта 8 мыңнан астам СМС хабарлама жіберілген.

«Барлық нөмер бір операторға тиесілі, бір тариф қолданған. Тексеріс кезінде бұл нөмерлер сөндірулі болды. Ал стационар телефондардан дауыс беру процесіне боттар пайдаланылған. Дауыстар 8(ХХХ)ХХХ-ХХ-38, 8(ХХХ)ХХХ-ХХ-39, 8(ХХХ)ХХХ-ХХ-40, 8(ХХХ)ХХХ-ХХ-41 сынды ұқсас нөмерлерден кеткен. Мұндай әдіспен бір қатысушыға 30 мыңнан астам дауыс берілген» деп жазылған Group-BI мәлімдемесінде.

Group-BI бұл тексерістің алғашқы қорытындысы екенін, тексеру толық аяқталмаған хабарлады. Ал «Первый канал» тексеріс әлі аяқталмаса да, «Голос Дети» шоуының нәтижесін жоятынын мәлімдеді. Телеарна да, Group-BI де «жаппай дауыс берілген қатысушының» есімін жарияламады.

«Первый канал» 24 мамырда тікелей эфирде барлық финалистердің қатысуымен арнайы шығарылым болатынын хабарлады. Ресейлік арна мұндай жағдай қайталанбас үшін дауыс беру процесін жетілдіруге уәде берді. Телеарна дауыс қайта санала ма, жаңа жеңімпаз анықтала ма, ол жағын ашып айтпады.

Ержан Максимнің анасы Гүлмира Әлібек РИА-Новости арнасына «дауыс беру нәтижесінің жойылады деп ойламағанын» айтқан.

Микелла Абрамова және оның анасы Алсу «Первый каналдың» шешіміне ешқандай пікір білдірген жоқ. 15 мамырда Youtube желісінде Ержан Максим мен Микелла Абрамованың студияда ән жазып жатқан видеосы жарияланды.

«ГОЛОС ДЕТИ» КОНКУРСЫНДАҒЫ ШУ ҚАЛАЙ ШЫҚТЫ?

26 сәуірде «Первый каналдың» тікелей эфирінде «Голос Дети» шоуының финалы өтіп, Микелла Абрамова 56,5 пайыз дауыспен жеңіске жеткен. Қазақстандық Ержан Максим 27,9 пайыз дауыспен – екінші, Валерий Кузаков 15,6 пайыз дауыспен үшінші орын алған.

Осыдан кейін ресейлік әншілер мен актерлер, желі қолданушылары конкурс нәтижесіне көңілдері толмай, дауыс беру нәтижесін қайта қарауды талап еткен. Ресейлік шоумен Максим Галкин Ержан Максимнің өнеріне тәнті болып, конкурс әділетсіз өтті деп сынаған.

Ержан Максимнің финалдағы әні.

Конкурстағы қазылардың бірі, Микелла Абрамованың тәлімгері болған әнші Светлана Лобода Instagram желісіне өзінің тобындағы басқа екі қатысушының суретін жүктеп, Абрамованың суретін салмады. Конкурс қазысы, Ержан Максимнің тәлімгері Валерий Меладзе дауыс беру нәтижесін тексеруді талап етті.

Микелла Абрамованың финалдағы әні.

Конкурстан кейін әнші Алла Пугачева Ержан Максим бастаған бірнеше қатысушыны қабылдап, жеке марапаттады. Пугачева марапаттау рәсіміне конкурс жеңімпазы Микелла Абрамованы шақырмады.

Шу өршіген соң Микелла Абрамова мен оның анасы әнші Алсу Instagram желісіндегі парақшасында пікір жазуға шектеу қойды.

27 сәуірде «Первый канал» телешоудың дауыс беру нәтижесін Интерполдың серіктесі Group-IB компаниясы тексеретінін хабарлады.

«Первый канал» арнасындағы «Голос Дети» шоуы — халықаралық The Voice Kids жобасының ресейлік нұсқасы. Конкурсқа 14 жасқа дейінгі балалар қатысады. Қатысушыларды алдымен үш қазы іріктейді. Ал финалда жеңімпазды көрермендер дауыс беру арқылы таңдайды.

Azattyq