Ресейлік режиссер Кирилл Серебренников қолхатпен босап шықты
Ресейде бюджет қаржысын ұрлады деп айыпталған режиссер Кирилл Серебренников тергеу аяқталғанша ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босап шықты.
8 сәуірде Мәскеу қалалық соты «Театр ісі» бойынша сотқа тартылған үш адамның бұлтартпау шарасын өзгерту туралы шағымын қанағаттандырды. Серебренниковпен бірге продюсер Юрий Итин және Ресей мәдениет министрлігінің бұрынғы қызметкері Софья Апфельбаум да шықты.
Серебренников 2017 жылдың тамызынан бері үйқамақта отырған. Тергеудің мәлімдеуінше, 2011-2014 жылдар аралығында режиссер мен әріптестері мәдениет министрлігі «Платформа» театр жобасына бөлген 216 миллион рубльдің 133 миллионын жымқырған. Сотталушылар айыптаумен келіспейді. Олар істі «абсурд» деп атады.
Айыпталғандардың ішінен «Седьмая студия» бухгалтері Нина Масляева ғана айыбын мойындады, оның ісі жеке қарауға жіберілді.