Ресейлік форумда көрсетілген «робот» адам болып шықты ма?

0

Ресейдің Ярославль қаласындағы жастар форумында көрсетілген Борис есімді «роботты» ресейлік мемлекеттік арна «соңғы үлгіде құрастырылған робот» деп атап, күлкіге қалды. Ресейлік сайттар оның робот киімін киген адам екенін жазады.

Ресей президенті Владимир Путиннің бастамасымен құрылған, Ярославль қаласында жыл сайын өтетін жастар форумында 11 желтоқсанда көпке «Борис» роботы таныстырылған. «Россия-24» телеарнасы Бористі “билеуді үйреніп үлгерген” “соңғы үлгіде құрастырылған робот” деп сипаттаған.

Борис Жапонияның Honda компаниясы құрыстырған Асима сияқты гуманоид роботқа сырты ұқсағанмен шынайы робот болмай шыққан. Оны «таңғажайып машина» ретінде сипаттаған «Россия-24» телеарнасын көп ұзамай кейбір ресейлік сайттар мен әлеуметтік желі қолданушылары күлкіге айналдырды.

Технология тақырыбында жазатын Tjournal.ru 12 желтоқсанда шағын зерттеу жариялап, мақалада роботтың арнайы киім киген адам екенін жазған. Зерттеу авторлары «Алеша» атты роботтың киімін шығаратын ресейлік Show Robots компаниясын тапқан. Олар Ярославль форумында көрсетілген роботтың киіміне ұқсас киім тігеді.

Компания сайтында костюмдердің кәсіби жасалатыны соншалықты «көз алдыңызда робот тұрғандай сезімде боласыз» деп жазылған. Оны 250 мың рубльға (шамамен 3,765 доллар) сатып алуға немесе жалға алуға болады.

Tjournal жазуынша, форумда Бористі шынайы робот деп ешкім айтпаған. Сценарий бойынша, костюм киген адам роботқа қатысты талқылаудың бір бөлігі болуы тиіс болған.

Бірқатар ресейлік сайттар роботтың адам екені айтыла бастаған соң «Россия-24» арнасының сюжетті Youtube-тен алып тастағанын жазды. Бірақ әзірге, ол алынбаған.

Twitter-де жарияланған суретте робот киімін киген адамның мойны да көрінеді.

Басында «Ресейдің интеллектуал көшбасшылары» деп аталған, қазір «ПроеКТОриЯ» деп аталатын форумға 2017 жылы Ресей президенті Влдаимир Путин қатысқан. Ресейдің білім министрлігі ұйымдастыратын форум Путин жобаларының бірі ретінде аталады.

Дереккөз: Азаттық