Ресейлік депутат Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін сес көрсетті

0

Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Константин Затулин Донецк және Луганск халық Республикалары туралы ойын білдірген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты сынға алды, деп жазады kznews.kz сайты orda.kz сайтына сілтеме жасап.

Бір күн бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен бірге журналистер сұрақтарына жауап беріп, ДХР мен ЛХР-ді квазимемлекеттік құрылымдар қатарына қосты. Сондай-ақ, Қазақстан оларды мемлекет ретінде мойындамайтынын айтты.

Константин Затулин «Говорит Москва» радиосында Тоқаевтың бұл мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.

«Біз барлық жерде, оның ішінде Украинаға қатысты арамызда достық, ынтымақтастық және серіктестік болса, ешқандай аумақтық мәселелер көтерілмейтінін айтамыз. Егер бұлай болмаса, онда бәрі мүмкін. Украинадағы секілді», – деді депутат.

«Единая Россия» Бас кеңесінің хатшысы Андрей Турчак Константин Затулинді Қазақстан президентінің мәлімдемесіне қатысты пікірі үшін қатаң сынға алды.