«Ресейіңе кет»: Қостанайда такси жүргізушісін балағаттап, ұлтаралық араздықты қоздырған әйелге үкім шықты

0

Такси жүргізушісіне тіл тигізіп, ұлтаралық араздықты қоздырды деп айыпталған Құндызай Кенжетаеваға сот үкімі шықты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

6 ақпанда ерлі-зайыпты қонақтан үйіне қайту үшін такси шақырады. Мас жолаушылар мен такси жүргізушінің арасында дау туып, арты қақтығысқа ұласқан. Жүргізуші өзіне былапыт сөздерді жаудырған ерлі-зайыптыны видеоға түсіріп алған. Бейнежазба әлеуметтік желіде тарап кетті.

42 жастағы Құндызай Кенжетаева таксист Дмитрий Галкинге айтқан “Сен орыссың, өзіңнің Ресейіңе кет, орыс, м*л, о*****н. Еркек емессің, жолда өлесің” деген сөздері үшін сотталды.

Полиция болған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғады. Күні кеше сот айыпталушыға қатысты үкім шығарды.

“Құндызай Кенжетаева қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігіне (Ұлтаралық араздықты қоздыру) сәйкес кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды”, – деп жазды Михаил Козачков өзінің Telegram арнасында.

Сотталушының кішкентай балаларының болуына байланысты ол жазасын 4 жылдан кейін өтейді.

Еске салайық, ақпан айында

ішімдікке тойып алған ерлі-зайыпты такси жүргізушісін балағаттап, оған тіл тигізген еді. Оның арты төбелеске ұласты. Жүргізуші айыпталушыдан 300 мың теңге өтемақы өндіргенімен, әйелдің 4 баласы барын білгенде оны аяп, арызын қайтарып алған.