Ресейдің экономикалық өсімі күрт баяулады

0

2019 жылдың алғашқы төрт айында Ресейдің экономикалық өсімі күрт баяулады. Үкімет оның себебін қосымша құн салығы артқаннан кейін тұтынушылар сұранысының азайғанымен байланыстырады.

17 мамырда елдің негізгі экономикалық даму көрсеткіштерін жариялаған Росстат дерегінше, жалпы ішкі өнім 2019 жылдың алғашқы үш айында өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 0,5 пайызға ғана артқан. Бұл 2017 жылдың соңынан бергі ең төмен көрсеткіш.

Экономика министрі бұған дейін алғашқы төрт айда жалпы ішкі өнім 0,8 пайызға артады деп болжаған. Ал орталық банк тіпті ЖІӨ 1,5 пайызға артуы мүмкін деген еді.

Жылдың алғашқы көрсеткіштері жарияланғаннан кейін экономика министрі мұндайды «күтуге болатын еді» деп қосымша құн салығы 18 пайыздан 20 пайызға артуына байланысты тұтынушылар сұранысының азайғанын айтқан.

Президент Владимир Путин өткен жылы қосымша құн салығын арттыруға мүмкіндік беретін заңға қол қойды. Заң 2019 жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енді.

Үкіметтің қосымша құн салығын арттыру туралы ұсынысы және зейнет жасын ұлғайту туралы жоспары Ресей қоғамында наразылық туғызды. Әлеуметтік зерттеулер Путин және биліктің «Единая Россия» партиясының танымалдығы төмендегенін хабарлады.

Capital Economics ел экономикасының даму деңгейін “болжағаннан әлдеқайда баяу” деп сипаттады. Ол елде «өндіріс, бөлшек сауда, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару баяулағанын» жазып, ел экономикасының тұтастай әлсіз екеніне назар аударған.

Ресей экономикасы 2015 және 2016 жылдардағы рецессиядан кейін 2017 жылы ғана қайта даму көрсеткішіне қол жеткізді. Emerginomics сарапшысы Татьяна Орлова Blomberg агенттігіне берген сұхбатында “бұл тек қосымша құн салығының артуына байланысты ішкі сұраныстың азайғанын емес, сонымен бірге инвестиция тиімділігінің төмендегенін де көрсетеді” деп айтқан.

Ресейдің экономика министрлігінде бұрын қызмет атқарған, қазір Лондонда шоғырланған зерттеу институттарының бірінде сарапшы Кирилл Тремасов Reuters агенттігіне екінші тоқсанда көрсеткіштердің әлдеқайда жақсы болуы неғайбыл, дегенмен өсу қарқыны 2019 жылдың екінші жартысында жоғарылауы мүмкін деп болжаған.

Экономика министрлігі 2019 жылы экономиканың даму көрсеткіші 1,3-ға жетеді деп болжайды.

Azattyq