Ресейдің бас идеологы неге тұтқындалды?

0
402

Күні кеше Ресей Президенті Владимир Путиннің бұрынғы көмекшісі Владислав Сурковтың үй қамауына алынғаны белгілі болды. Ол “кровавый интеллектуал”, “гений зла” деген лақап атпен де танымал.

Оны анау-мынау емес, білдей РФ Мемлекеттік Думасының бұрынғы депутаты, Украина аумақтық қорғаныс күштерінің мүшесі Илья Пономарев 11 сәуір күні Facebook-те мәлімдеді. Демек, ақпаратты ешқандай жалған деуге келмейді.

«Владислав Сурков үйқамақта… Сурков әлі күнге дейін бар шындықты бәрінен де жақсы біледі», — деп жазды ол.

Сонда Мемлекеттік Думаның экс-депутаты «шындық» деп нені меңзеді? Демек, Сурков бірнәрсені ішіне бүгіп жатқандығы анық. Ол қандай шындық болды екен?

Жалпы Сурков өмірде жолы болған адам. Өйткені ол күзетшіліктен “Ресейдің бас идеологы” дейінгі дәрежеге сүрінбей жеткен саясаткер. Тіпті Ельцинге биліктің бейбіт жолмен өтуін жүзеге асыруға көмектескендердің, соның ішінде Путинге саяси жүйені тұрақтандыруға көмектескендердің қатарында болған деседі. “Гений зла” атанып жүргені де содан болса керек.

Сондай-ақ, ол «Единая Россия» партиясын құрушылардың бірі және оның да бас идеологы болып саналады.

Тағы бір назар аударатын нәрсе, кезінде Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Сурковқа өзінің орнына президент болуды ұсынған еді.

2010 жылдың басында американдық конгрессмен Илеана Рос-Лейтинен Сурковты «Ресейдегі сөз бостандығын шектеудің, ресейлік журналистер мен оппозициялық саяси партиялардың өкілдерін қудалаудың негізгі идеологтарының бірі» деп айыптады. Расымен де солай. Өйткені ол өз мақсатына жету үшін ештеңеден тайынбайтын-тұғын.

Сурков мансап жолында сүрінбесе де, талай рет сынға іліккен адам. Өйткені Сурковтың Ресей Федерациясы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып тұрған кезінде көпшілік саясаткерлер оның отставкаға кетуін талап еткен.

Олардың пікірінше, Сурков сайлау нәтижелерін бұрмалау, саяси бәсекелестікті жою, қоғамдық ұйымдарға қарсы науқандарды ұйымдастыру, сондай-ақ «Наши» қозғалысы сияқты заңсыз ұйымдардың үйлестірушісі болған дейді.

Сонымен бірге ол 2014 жылы Донбасста «азаттық қозғалысының» немесе Ресей Федерациясының арнайы операциясының “бас сценарисі” және Қырымды ешбір шығынсыз басып алу стратегиясының авторы болған. Яғни Кремльдің көптеген саяси схемасын Сурковтың дәл өзі сызып отырған деседі. Ол үшін үлкен саяси қызмет те қажет етпеген тәрізді. Міне, Пономарев айтқан барлық құпия осында болуы ықтимал. Тіпті сайып келгенде, оны қазіргі соғыстың идеологиясын, сценарийін жасаған адам ретінде қарастыруға әбден болады.

Ал Ресей президентінің көмекшісі болған шағында Ресей Федерациясы Президентінің ТМД мемлекеттерімен, Абхазия Республикасымен және Оңтүстік Осетия Республикасымен әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық басқармасына жетекшілік етті. Владислав Сурков жетекшілік ете бастағаннан кейін, ол Украинамен тұрақты жұмыс істеу функцияларын кеңейтті, ал кейінірек ішінара танылмаған КХДР мен ЛПР мемлекеттерінің құрылуына себепкер болды. 2014 жылдың мамыр айында ол Республикадағы ішкі саяси дағдарысты реттеу үшін Абхазия ісіне араласты. 2020 жылы 18 ақпанда Ресей Федерациясы Президентінің көмекшісі қызметінен босатылды. Бұдан әрі Сурков жетекшілік еткен мәселелермен Ресей Федерациясы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Дмитрий Козак айналысатыны хабарланды.

Соңғы жылдары Владислав Сурков ішкі саясаттан сыртқы саясатқа көшті. Сурковты Донбасстағы «орыс көктемінің» сәулетшілерінің бірі деп те атайды.

Дереккөздерге сүйенсек, жұртшылық оның кенеттен отставкаға кетуін украиналық бағыттың өзгеруімен байланысты дейді. Басқа нұсқа бойынша, оның себебі денсаулыққа байланысты күрделі проблемалар болуы да мүмкін. Бірнеше жыл бұрын Владислав Сурков қатты салмақ тастады, содан бері ол онкологиялық аурумен күресіп жатыр деген қауесет басылған жоқ. Алайда оның өзі бұл қауесеттерді бірнеше рет жоққа шығарды.

Ал енді кеше Сурковтың 2014 жылдан бері Донбасста қаржы жымқыру дерегі бойынша тергеліп жатқандығы туралы ақпарат тарады. Қалай болғанда да, Владислав Сурковтың мемлекеттік қызметтен кетуін символдық деп санауға болады. Егер, әрине, бұл тағы бір үлкен қойылымның бөлігі болмаса, онда ол бәрін қайта ойнап шығуы ықтимал.

Оның “қаржы жымқыру” ісі бойынша тергелуі жәй ғана сынаққа сылтау екенін саясаттан саңырау, ақымақ адам ғана түсінбейтін шығар.
Біздіңше, Путин Украина соғысындағы сәтсіздіктерге кінәлілерді жазалауды бастаған тәрізді. Алғашқылардың бірі болып аждаһаның тырнағына Сурков ілікпесіне кім кепіл? Басқа-басқа, Укрианадағы қанды соғысқа Сурковтың қатысы болмауы мүмкін емес. “Кінәлілер тізімі” жаңаруы әбден мүмкін. Не де болса, әліптің артын бағып күтелік…

Оралбай МЕРГЕНБАЙҰЛЫ

“Адырна” ұлттық порталының https://t.me/adyrnaportal телеграм арнасына жазылыңыздар!

(Фото: dialog.ua)