Ресейде тұрғын үйде жарылыс болып, 7 адам қаза тапты
Дүйсенбі, 31 желтоқсанда Магнитогорскте он қабатты тұрғын үй подъездерінің бірі қирап қалды.
Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі Магнитогорскте газ жарылуы салдарынан қираған үйдің астынан 35 адамды іздеп жатыр. Іздеу шаралары басталғалы үйінді астынан 12 адам табылыпты, олардың жетеуі қаза тапқан, бесеуі ауруханаға жатқызылды, біреуі бала. Челябі облысының билік өкілдері зардап шеккен отбасыларға жаңа пәтер алу үшін қаражат іздеп жатқандарын мәлімдеді.
Агенттіктің хабарлауынша, үйдің құлауына жарылыс себеп болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, тұрмыста пайдаланылатын газ жарылған. Соның салдарынан үйдің подъезі құлаған. Қазіргі таңда тағы екі подъез құлауы мүмкін деген қауіп бар. 10 қабатты тұрғын үйде барлығы 12 подъез бар. Онда 1,1 мың адам тұрып жатыр.
Қалада төтенше жағдай жарияланып, кешірек ол бүкіл Челябинск облысы бойынша жарияланды. РФ Тергеу комитеті үйдің құлауына байланысты қылмыстық іс қозғады.