Ресейде сот «балаларды акцияға тарту» бабы бойынша алғаш рет үкім шығарды

0

Тұңғыш рет ресейлік белсендіге «балаларды санкцияланбаған акцияға тартқаны үшін» айыппұл салынды. Калининградта оппозициялық саясаткер Алексей Навальный штабының белсендісіне 30 мың рубль (шамамен 469 доллар) айыппұл салынған.

Дүйсенбі күні, 25 наурызда, қаланың орталық аудандық соты белсенді Иван Лузинге 2018 жылы 27 желтоқсанда қабылданған бап бойынша үкім шығарды. Ресейде бұған дейін бұл бап бойынша әлі ешкімге жаза кесілмеген.

Адвокат Александр Домбральскийдің сөзінше, қорғау тарапы шешім үстінен жоғары инстанциядағы соттарға шағым түсіріп, Еуропа адам құқықтары жөніндегі сотына дейін баруға әзір.

18 жастағы Иван Лузин – Навальный штабының белсендісі және тіркелмеген Либертариан партиясының мүшесі. 7 ақпанда Лузин мен бұрын штаб белсендісі болған 16 жастағы екі қыз бала Калининград алаңына бірнеше адамның аты-жөні жазылған плакат ұстап шыққан. Лузиннің сөзінше, бұл адамдар абақтыда азапталған. Белсенділер аз уақыт фотоға түскен соң алаңнан кетіп қалған.

Кейін оларды полиция ұстаған. Екі қыз баланы полиция босатқанымен, Иван Лузин полиция бөлімшесінде бір тәулік болған. Домбральский «оған адвокатты жібермей жатыр» деп хабарлаған.

Лузинге әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің «санкцияланбаған акция өткізу» және «кәмелет жасына толмағандарды акцияға тарту» баптары бойынша айып тағылған. 15 наурызда сот Лузинді рұқсатсыз жиын өткізді деп танып, 20 мың рубль (шамамен 312 доллар) айыппұл салған.

Белсенділер 7 ақпанда «акция емес, жай фотосессия өткіздік» деп санайды.

Azattyq