Ресейде қазақ сұлтанына ескерткіш орнатылды

0

Мәдениет

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Сұлтан Ораз-Мұхаммед – XVII ғасырдағы белді мемлекет қайраткері, қазақтың Ресей империясындағы алғашқы елшісі  

НҰР-СҰЛТАН, 15 қараша — Sputnik. Ресейде қазақ сұлтаны, Ораз-Мұхаммед Онданұлының құрметіне ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің баспасөз қызметі.

Ескерткіш Рязан облысы Ахматов ауылында орналасқан ескі татар зиратының аумағында қойылды.

Қазақ сұлтанының есімін мәңгі есте сақтап, оның құрметіне ескерткіш қою бастамасы Қазақстанның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовке тиесілі. Ол XVII ғасырдың басында Ораз-Мұхаммед Онданұлы қазақ және Мәскеу мемлекеті арасында дипломатиялық негіз қалауға атсалысып, айрықша мирас қалдырғанын атап өтті.

«Қадірменді халайық, осынау қасиетті Қасымов жерінде қасиетті бабамыз Ораз-Мұхаммед Онданұлына қойылған тақтаны ашып тұрмыз. Сөз жоқ бір тұлғаға ғана емес тұтас бір дәуірге, сонау аласапыран дәуірдегі қазақ сұлтандығының Ресейдегі тарихи ізіне ғана емес, екі халықтың арасындағы достық пен ынтымақтың бірлік пен тірліктің өзіне қойылған ескерткіш деп білемін. Сол себепті бүгінгі Ораз-Мұхаммедтің есімі бүгінгі ұрпақ санасында қазақ-орыс достығының символы әрі екі ел арасындағы дипломатиялық алыс-берістің қарлығашы ретінде мәңгі сақталады», — деді елші мемориалды тақтаның ашылу рәсімінде.

Тағы оқыңыз: Омбыда қазақ суретшісіне ескерткіш орнатылды 

Сондай-ақ Иманғали Тасмағамбетов бастамаға қолдау көрсеткен Рязан облысы әкімшілігі мен дипломатиялық өкілдігіне алғысын білдірді.

Мемориалдық тақтаны жасау үшін табиғи қоңыр түсті гранит пайдаланылды. Ескерткіштің биіктігі үш метр. Төбесіне доғал күмбез орнатылған. Естелік тақтаға «Ораз-Мұхаммед Онданұлы, 1573-1610. Қазақ сұлтаны, Қасым хандығын билеуші» деп жазылған.

Ғылыми конференция

Сонымен қатар бүгін Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің баспасөз орталығында «Қазіргі тарихтағы Ораз-Мұхаммед Онданұлының рөлі» атты ғылыми конференция өтті. Оған Қазақстан мен Ресейдің тарихшы ғалымдары, университет профессорлары қатысты.

Ораз-Мұхаммед Онданұлы сұлтанның қос елдің тарихында қалдырған ерекше рөлін зерттеп, зерделеу және насихаттауды мақсат еткен конференцияда 6 қатысушы баяндама жасады. Оның ішінде Ресей ғылым академиясының әлеуметтік ғылымдар туралы ғылыми ақпарат институтының өркениеттерді салыстырмалы зерттеу орталығының жетекшісі Илья Зайцев қазақ сұлтанының орыс тарихында қандай рөл атқарғанына тоқталды.

«Ораз-Мұхаммед Ресейді азаматтық соғыс алауы шарпыған бұлғақ кезеңіндегі оқиғаларда маңызды рөл атқарды. Ол осы кезеңдегі белсенді мемлекет қайраткерлерінің бірі болды. Оның тарихи рөлі әлі де бағаланбаған болуы мүмкін», — деді ол.

Ғалым қазақ сұлтанының тарихи орны ғана емес, саяси қызметі турасында да зерттеудің қажеттілігін атап өтті.

Ораз-Мұхаммед Онданұлы туралы не білеміз?

Ораз-Мұхаммед – Жошы әулетінен шыққан қазақ сұлтаны, Ондан сұлтанның баласы, Тәуекел ханның немере інісі. Ол орыс жылнамаларында «қазақ ордасының ханзадасы» деп аталған. Қазақ сұлтаны 1586 жылы Қадырғали Жалаиримен бірге Сібір хандығының астанасына келеді. 1588 жылы Сібір ханы Сейдахметпен Ертіс бойында қаршыға салып жүргенде орыс жасақтарының қолына түсті. Сол жылдың қыркүйек айында Мәскеуге жөнелтіледі.

Мәскеу патшасы оны жылы жүзбен қарсы алып, қызметке тартты, патша сарайындағы салтанатты қабылдауларда болады. Ораз Мұхаммед орыстардың шведтерге (1590 жылы), Қырым хандығына (1598 жылы) қарсы соғыстарына қатысты.

1595 жылы Тәуекел хан Мәскеуге Құлмұхаммет (Құлмамбет) бастаған елшілік жіберіп, Қазақ хандығын Ресей қол астына алуға сұраған кезде патшадан Ораз Мұхаммедті елге қайтаруды да өтінген еді, бірақ Тәуекелдің өлімі бұл өтініштің орындалуына кедергі жасады.

Орыс патшасы Борис Годунов Ораз Мұхаммедті 1600 жылы Ока өзенінің бойындағы Қасым (Касимово) хандығының ханы етіп тағайындады.



sputniknews.kz