Ресейде Навальныйдың жақтасы Волков 20 күнге қамалды
22 мамырда Мәскеудің Симонов соты жемқорлықпен күрес қоры жобаларының жетекшісі, оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың сайлауалды штабының бұрыншы басшысы Леонид Волковты 20 күнге қамады.
Полиция Волковты 21 мамырда таксимен жұмысына бара жатқанда ұстап, Данилов аудандық полиция бөлімшесіне жеткізген. Полиция былтыр қыркүйекте «зейнет жасының ұлғаюына қарсы митинг өткізіп, бейбіт жиын өткізу ережесін қайтара бұзғаны үшін» Волковқа хаттама толтырған.
Кейіннен айыптың «өзгенің мүлкіне зақым келтірген митингіні өткізу ережесін бұзу» бабына өзгергені белгілі болды. Волковтың жазуынша, экстремизммен күрес орталығының қызметкерлері оның былтыр 9 қыркүйектегі митингі кезінде трансляция жүргізіп, «екі адамды, көлікті зақымдап, екі полицейге аздаған соққы жасауға итермелегенін» айтқан.
Волковтың айтуынша, судья Хызыр Муссакаев сол күнгі трансляцияның бірнеше үзіндісін мұқият қарап шығып, «ұзақ ойланған күйі» шешім шығаруға кеткен. Оның сөзіне қарағанда судья видеолардан жауапкердің заңды бұзғанына дәлел таба алмаған.
Леонид Волковты полиция бұған дейін де бірнеше рет ұстап, 5-30 аралығында тәулікке қамаған. Соңғы бірнеше айда Волков шетелде тұрған.
Былтыр 9 қыркүйекте Ресейдің бірнеше қаласында Алексей Навальныйдың ұйымдастыруымен зейнет жасының ұлғаюына қарсы митингілер өткен. Ресейдің түрлі аймағында мыңнан аса адам ұсталған.