Ресейде мобилизация жарияланғалы Қазақстанда этникалық қазақтар саны көбейді
Жыл басынан бері 1,5 мыңнан астам этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алды. Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі, яғни 50%-ы Өзбекстаннан болса, 16,3%-ы Қытайдан келген деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Ресейден де елге оралып жатқандар көп. Көрші мемлекеттен келгендер – 15,9%. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елге оралған этникалық қазақтар негізінен Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалаларында қоныстанған. Былтыр Ресейде ішінара мобилизация жарияланғалы бері этникалық қазақтар саны көбейді.
33 жастағы Жасдәурен Нұров Ресейде туып өскен. Көрші елде мобилизация жарияланғаннан кейін тарихи отанына оралуды жөн көріпті. Айтуынша, Қазақстанға достарымен келді. Қазір Ақтөбеде тұрып жатыр.
“21 қыркүйек күні мобилизация туралы естіп, бірден кетуді ұйғардым. Он алты сағат шекарада тұрып, Қазақстанның Батыс Қазақстан облысына жеттік. Автобусқа мініп Ақтөбеге келдік. Алматыға да барып келдім. Бірақ туысым Ақтөбеде болған соң осында қалуды жөн көрдім. Бес күн ішінде «Қандас» деген мәртебе алдым”, – деді этникалық қазақ Жасдәурен Нұров.
Жасдәуреннің Ақтөбеге келгеніне бір ай болды. Ол кофе әзірлейді. Оған қоса, жиһаз жинау ісін жүргізгісі келетінін жасырмады. Қазақстанның дамуына өз үлесімді қоссам дейді.
“Ойымда жоспар көп. Құжатымды толық реттеген соң, тұрақты түрде осында қалғым келеді. Ақтөбеде болмаса да әйтеуір Қазақстанның ішінде тұрсам деймін”, – деді қандас.
Елімізде отанға оралған қандастар мен олардың отбасы мүшелеріне материалдық көмек пен жеңілдіктер беріледі. Балаларын мектепке орналастырып, жұмысқа тұруына, жоғары оқу орындарына түсуге квота, медициналық қызмет алу және жалға берілетін тұрғын үй мен коммуналдық қызметтерге бір жыл бойы ақы төлеу көмектерін алуға мүмкіндік бар. Бастысы – мемлекеттік органдарға уақытылы жүгіну қажет.
“ҚР заңына сәйкес, қандас мәртебесін алған азаматтар осы елде тұрақты тұруға рұқсат алу үшін және азаматтығын алуға құжат тапсыра алады. Бұл 90 күн ішінде қаралады. Қандас статусын растайтын құжат оның төлқұжаты секілді маңызды”, – деп мәлімдеді Ақтөбе облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының инспекторы Мира Бүркітова.
Айта кетсек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше жыл басынан «қандас» мәртебесін алған этникалық қазақтардың 69%-ы еңбекке қабілетті жаста. 20%-дан астамы жоғары білімді, 40% арнаулы орта білімі болса, 35%-ның жалпы орта білімі бар. Тек төрт пайызға жуығының білімі жоқ.