Ресейде коронавирусқа қарсы үш дәрі жасалды

0

Вирусқа қарсы жасалған үш препарат Ресейдің мамандандырылған клиникаларында сынақтан өткізуге жіберілді  

НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз – Sputnik. Ресей ғылым академиясы мамандарының қатысуымен Ресейде COVID-19 коронавирусын емдеу үшін қолданылуы мүмкін үш дәрі жасалды, деп хабарлады РҒА вице-президенті, академик Владимир Чехонин РИА Новостиге берген сұхбатында.

Ол бірнеше жыл бұрын Постовский атындағы органикалық синтез институтында вирусқа қарсы триазавирин препараты жасалғанын еске салып өтті, қазір оны Қытай мамандары коронавирус инфекциясын емдеуде қолдану мүмкіндігін қарастырып жатыр.   

«Алайда бүгінгі күні бұл препараттың тек респираторлық вирустық инфекцияны емдеуде қолдануға болатын ерекше түрі дайындалды. Ол COVID-19 инфекциясын емдеуге қолданылатынына сенімдімін. Әрине, бұл қазіргі жағдайда өте маңызды», — деп атап өтті Чехонин.

«Триазавириннің бұл дәрілік түрі біздің еліміздің мамандандырылған мекемелерінде сынақтан өткізуге дайын», — деп толықтырды ғалым.

Оқи отырыңыз: Коронавирусқа қарсы вакцинаның сынақтан өтіп жатқаны белгілі болды

Сонымен қатар, Чехониннің айтуынша, органикалық синтез институты Мәскеудегі Зелинский атындағы органикалық химия институтымен бірлесіп «өте тиімді» және Ресейдің фармацевтикалық өнеркәсібі талаптарына сәйкес келетін, бұрын Жапонияда инфекцияны емдеу үшін қолға алынған  фавипиравир вирусқа қарсы препаратының синтездеу схемасын жасаған.  

«Менің білуімше, бұл препарат Ресей Федерациясының мамандандырылған клиникаларында сынақтан өткізуге дайын», — деп атап өтті Ресей ғылым академиясының вице-президенті.

Сонымен қатар, ол Гамалеи атындағы ұлттық эпидемиология және микробиология орталығында фортепрен препараты жасалғанын атап өтті. 

«Фортепренге келетін болсақ, ол клиникалық сынақтың барлық кезеңінен өтті, яғни ол адамдарға да сыналды. Фортепрен тіркеу кезеңінде», — деп түйіндеді ғалым.



sputniknews.kz