Ресейде «интернет қауіпсіздігі» бойынша жаттығу өтті
Ресейде 23 желтоқсанда «интернет қауіпсіздігі» бойынша жаттығу өтті. Азаматтық белсенділер биліктің бұл бастамасын «цензураны күшейту амалдарының бірі» ретінде атайды.
Биыл көктемде президент Владимир Путин қол қойған «интернетті оқшаулау» туралы заңға сәйкес, провайдерлер «веб-трафиктерді мемлекет бақылауындағы пунктерге жіберіп отыратын» арнайы жабдық орнатуы тиіс.
Заңда Ресейдің өз домендік атаулар жүйесін құру туралы ережелер бар. Құжатты жақтаушылардың айтуынша, заң Ресейді кибершабуылдардан қорғап, рунетті тәуелсіз етеді.
Алайда сыншылар заң интернет цензураны күшейтіп, арнайы қызмет орындарының қолданушыларды қазіргіден де мұқият бақылауына жол ашуы мүмкін деп қауіптенеді.
Ресейдің байланыс министрінің орынбасары Алексей Соколов 23 желтоқсанда өткізген брифинг кезінде жаттығудың мақсаты — «Ресейде интернеттің кез келген жағдайда қалтқысыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету «екенін атап өтті. Мемлекеттік «Россия-24» арнасы билік жаңа технология мүмкіндіктерін екі аптадан бері сынақтан өткізіп келеді деп хабарлады.