Ресейде екі адам коронавирус жұқтырғаны анықталды

0

31 қаңтарда Ресейде екі адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Бұл туралы елдің вице-премьері Татьяна Голикова хабарлады.

Қытайда тараған коронавирусты жұқтырғандар Тюмень және Забайкальеде.

Желтоқсанның соңында Қытайдың Ухань қаласындағы теңіз өнімдері базарынан белгісіз вирус тараған. Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, базар 1 қаңтарда жабылғанға дейін онда теңіз өнімдері ғана емес, жарқанат, тауық, қоян мен жылан заңсыз саудаланып келген. Ғалымдар вирус жәндіктерден шығуы мүмкін деген болжам айтады.

Пекиннің 31 қаңтардағы дерегі бойынша, Қытайда коронавирустан қаза болғандар саны 213 адамға жетті. Қытай билігі елде 9692 адам вирус жұқтырғанын хабарлады.

30 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялады.

31 қаңтарда Ресейден бөлек Ұлыбритания, Италияда да коронавирус тіркелген. Бұған дейін Уханьнан тараған вирус Жапония, Таиланд, Сингапур, Австралия, Малайзия, Корея, Франция, Германия, АҚШ, Вьетнам, БАӘ, Канада, Үндістан, Шри-Ланка, Непал, Филиппин, Камбоджа, Финляндияда табылған. Қазір бұл вирус әлемнің 21 елінде тіркелді.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 31 қаңтарда елде 41 адам коронавирус күдігімен ауруханада түскенін, олардың анализдеріне сараптама жасалып жатқанын хабарлады.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар ресми түрде тіркелмеген.

Azattyq