Ресейде әділ сайлауды талап еткен митингілер өтіп жатыр

0

Сенбі, 10 тамызда Ресейдің бірқатар аймақтарында әділ сайлауды талап еткен акциялар өтеді. Мәскеу мен Хабаровскіде рұқсат етілген акциялар жоспарланған. Елдің ірі қалаларында бір адамдық пикеттер өтпек. Мәскеудегі шерушілерді қолдаған акциялар Владивосток, Иркутск, Новосибирск, Томск, Омбы, Кемерово қалаларында да жалғаспақ.

«Сибирь.Реалии» сайтының хабарлауынша, 10 тамызда Новосибирскіде 200-ден астам адам жиналған. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жиналғандар «сайлауға жіберіңдер!» деп айғайлап, ұран көтерген. Владивостокта акция бейбіт өтіп жатыр — полиция шеруді тек бақылап тұр.

Мәскеуде әділ сайлауды талап еткен рұқсат етілген митинг жергілікті уақытпен 14:00-де басталады. Азаттықтың Орыс қызметі оқиғадан тікелей эфирде хабар таратады. Белсенділер бұл акцияға 100 мыңға дейін адам жиналуы мүмкін екенін айтады.

Шілде айынан бері тәуелсіз кандидаттарды Мәскеу қалалық дума сайлауына өткізбеуіне байланысты қарсылық акциялары жалғасып келеді.

27 шілде және 3 тамызда өткен акцияларға билік рұқсат етпеген. Ол кезде шамамен бірнеше мың адам ұсталды. Көбіне полиция күш қолданды. 27 шілде күнгі акциядан соң Ресейдің тергеу комитеті «жаппай тәртіпсіздік» бойынша қылмыстық іс қозғады, 14 адамға айып тағылды. Мәскеу қалалық дума сайлауы 8 қыркүйекте өтеді.

Бұған дейін Мәскеудегі шерушілерді қолдап қазақстандық екі белсенді Нұр-Сұлтан мен Алматыда акция өткізген.

Azattyq