Ресей жаңа қару үлгілерін әзірлеуді жалғастырады
Ресейдің атом энергиясы жөніндегі «Росатом» мемлекттік корпорациясының басшысы Алексей Лихачёв жаңа қару үлгісін әзірлеу жұмыстары жалғасатыны туралы айтты. Ол бұл туралы 12 тамызда Мәскеуде «Росатом» корпорациясының бес қызметкерін жерлеу рәсімі кезінде мәлімдеген. Олар 8 тамызда Архангельск облысындағы Ресей қорғаныс министрлігі полигонында жарылыс салдарынан қаза тапқан. АҚШ сарапшыларының болжамы бойынша, Ресей жаңа ядролық қозғалтқышты сынақтан өткізіп жатқанда жарылыс болған.
Қаза тапқан «Росатом» қызметкерлері Мәскеуден 375 шақырымдағы Саров қаласында жерленді. 1940 жылдардың соңынан бастап ядролық қару бағдарламаларын әзірлейтін орталық жұмыс істеген қалада қазір «Ресей федералдық ядролық орталығы» мемлекеттік кәсіпорыны орналасқан.
8 тамыз күні Архангельск облысындағы Ресей әскери-теңіз күштерінің Нёнокса полигонындағы теңіз платформасында жарылыс болған. Америкалық New York Times 12 тамызда АҚШ барлау қызметінің аты-жөні аталмаған өкілдеріне сілтеме жасап, Ресей әлгі полигонда «ядролық қозғалтқышы бар қанатты зымыранын» сынақтан өткізген болуы мүмкін деп хабарлады.
АҚШ президенті Дональд Трамп 12 тамыз күні Twitter-дегі парақшасында ресейлік зымыранның сәтсіз сынағынан АҚШ біршама ақпарат алды деп жазды. Трамптың мәлімдеуінше, жарылыстан сынақ болған аймақта және одан алыс аумақта ауа ластанған жоқ па деген алаңдаушылық тудырған.
НАТО Skyfall деп атайтын ресейлік «Буревестник» қанатты зымыраны әзірге сынақтан толық өтпеген. Ядролық қозғалтқышы бар зымыран ядролық оқтұмсық алып ұшады деп сипатталады.