Ресей үшін дос емес елдердің тізімі жасалды

0

Ресейлік «Ресей 1» телеарнасы жақын болашақта Ресей үшін дос емес деп танылуы мүмкін елдердің тізімін көрсетті. Барлығы 10 мемлекет. Атап айтқанда, Польша, Литва, Латвия, Чехия, Эстония, АҚШ, Австралия, Ұлыбритания, Канада және Украина достық емес елдердің тізіміне енді.

23 сәуірде Ресей Президенті Ресей үшін дос емес елдердің тізімін жасау туралы жарлық шығарды. Егер бұл елдер достық емес деп танылса, онда олардың дипломатиялық өкілдіктерінің жұмысына шектеулер қойылады. Атап айтқанда, елшіліктер мен консулдықтар Ресей азаматтарын жалдай алмайды.

Ресеймен келіссөз жүргізу мүмкін екес екенін АҚШ пен Батыс жақында ғана түсінді. Бұл Украинаның бірінші президенті Леонид Кравчуктің айтқаны. Леонид Кравчук қазір Украинаның Донбасындағы жағдайды реттеу жөніндегі үшжақты байланыс тобындағы Украина делегациясына жетекшілік жасайды екен.

2 сәуір күні «Украина» телеарнасындағы «Савик Шустердің сөз бостандығы» деген бағдарламаға қатысқан Леонид Кравчук: «Донбаста содырлар атысты тоқтата ма, жоқ па, оны Ресей шешеді», — депті.

«Басты фигура ОРДЛО-дағы (Донецкі мен Луганскідегі жекелеген аудандар) әскери басқарма емес, Ресей! Атысты тоқтату-тоқтатпау туралы шешімді солар қабылдайды. ОРДЛО Кремль қалай бұйырады, солай әрекет етеді. Басты мәселе – Ресейдің өзі қазір атысты тоқтатқысы келмейді. Мысалы ретінде айта кетейін, біз өткен сәрсенбіде өткізген жиналыста мәселенің өте күрделі екенін, төрт әскери қызметкеріміз қаза тауып, екеуі жарақаттанғанын ескере отырып, мен тараптарға атысты тоқтатып, бейбіт келіссөздерді қайта жандандыру туралы сұыныс айттым», — дейді Кравчук.

Кравчуктың айтуынша, ЕҚЫҰ өкілдері Халит Чевик пен Хайди Грау бұл идеяны қолдап, мәлімдеме мәтінін ұсынған. Ал Ресейдің Донбастағы өкілі Борис Грызлов Ресей мүндай үндеуді қолдамайтынын айтқан.

«Содан кейін Ресейдің Донбастағы өкілі Борис Грызлов Ресей мұндай үндеуді қолдамайтынын айтты. Олар бас тартты … Демек, Ресей де, оның серіктері де атысты тоқтатуға және Донбастағы бейбітшілікке дайын емес. Оларға Донбасстағы тыныштық қажет емес. Бұл ең бастысы! Біз осыдан қорытынды шығуға тиіспіз. Донбастағы шиеленісті жалпы контексте қарау керек»,  деді Кравчук.

Оның айтуынша, КСРО-ның бірінші президенті Михаил Горбачев пен Ресей президенті Борис Ельцин «Ресей Федерациясы демократия, бостандық, адам құқығы бағытында реформа жасағысы келеді» деген иллюзия тудырды және Батыс оған сенді.

«Біз, бәріміз АҚШ-тың экс-президенті Джордж Буштың, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчердің Жоғары Рададағы сөйлеген сөздерін білеміз. Мен көптеген шетел басшыларымен кездескенімде, олар менен: «Президент мырза, Мәскеу бұған қалай қарайды деп ойлайсыз», — деп сұрайды.

Міне, соңғы бірер айдың шегінде ғана АҚШ-қа да, Батысқа да Ресеймен келіссөздер жүргізу мүмкін еместігі айқын болды. Солженицын айтқандай, Ресейдің достары жоқ: Оның дұшпандары мен бодандары (құлдары) бар. Бүгінде Ресейдің жауы – Украина, ал боданы – бұл Беларусь», — деді Кравчук.

2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін, Украинаның шығысында қарулы басқыншылық жасады. Шайқас бір жағынан Украина Қарулы Күштері мен екінші жағынан Донецк пен Луганск облыстарының бір бөлігін бақылайтын Ресей әскері мен Ресей қолдаған «содырлар» арасында жүріп жатыр. Көрсетілген фактілер мен дәлелдерге қарамастан, Ресей билігі өзінің Украинаға басып кіруін мойындамайды. Бұл ресми позиция.

Путиндік Ресейдің сыртқы саясаттағы маңызды оқиға деп аталатын оқиға – бұл 2014 жылы Қырымның «тіркеу портына оралуы». Онымен қоса, Украинаның Донецк және Луганск облыстарының шамамен үштен бір бөлігін Украинадан тартып алуы. Қазір, өздеріңіз білесіздер, ол жерлерді «ДНР» және «ЛНР» деп атайды. Бұл территориялар Украинаның бүкіл аумағының шамамен 10%-ын құрайды, ал 2014 жылдың басында Украина халқының 10%-ы осы территорияларда тұрды.

Ендігі Ресей Украинаны біржола жоғалтқаны анық. Бұл территорияның 90%-ы және қазіргі Украинаның халқының 90%-ын құрайды (шамамен 40 миллион адам). Бүгінгі Украина 2008 жылдан кейінгі Грузия сияқты, және бірнеше мәрте НАТО әскери күштерімен бірлескен әскери жаттығулар өткізді. Бірнеше рет Еуропалық одақ пен НАТО-ға кіруге ниет білдірді. Жақын арада елде Солтүстік Атлантикалық Альянстың базасы пайда болуы мүмкін. Қалай болғанда да, бұл тақырып қазір Украинада өте жоғары деңгейде, ашық талқыланып жатыр.

Ресейдің Украинадан айырылуы – бұл өзара сауданың күрт төмендеуінен болатын үлкен экономикалық шығындар туралы айтпағанда, Ресей үшін нағыз өркениеттік апат. Ал Қырымның және шын мәнінде Донбастың шығыс бөлігінің Ресейге қосылуы – Украинаның қалған бөлігінің шығынын өтемейді. Бұл бүкіл әлемге түсінікті нәрсе.

Керімсал Жұбатқанов, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақ-Орыс халықаралық университетінің доценті