Ресей Украина тауарларына эмбарго енгізді

0
95

Ресей Украинада өндірілген немесе сол ел арқылы тасымалданатын өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы тауарларына, шикізат пен азық-түлік өнімдеріне эмбарго енгізді. Бұл туралы қаулыға Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев қол қойған.

Ресей үкіметі баспасөз қызметінің айтуынша, Мәскеу бұл эмбаргоны Киев ресейлік нақты тауар түрлеріне салған тыйымын жойғаннан кейін ғана алып тастауы мүмкін.

Осыған дейін Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі 26 желтоқсанда Ресей азаматтары мен заңды тұлғаларына қосымша санкция салған. Украинаның уақытша басып алынған аумақтар мәселесі министрлігінің мәліметінше, жаңа санкция уақытша басып алынған аумақтарда Ресейдің қорғаныс-өнеркәсібі кешенін қамтамасыз ететін 14 кәсіпорынға және Керчь бұғазында Қырым мен Тамань арасында заңсыз көпір салуға қатысқан бизнесмендерге салынған.

Оқи отырыңыз: Ресей Украинаның тағы ондаған азаматына санкция салды

25 желтоқсанда Ресей үкіметі өзі санкция енгізген Украинаның заңды және жеке тұлғаларының тізіміне 245 адам мен жеті компанияны жаңадан қосқан. Қазір ол тізімде жалпы саны 567 адам мен 75 компания бар.

2018 жылы қарашада Ресей Украинаның 322 азаматы мен 68 компаниясына қатысты арнайы экономикалық шаралар қабылдаған. 22 қазанда Ресей президенті Владимир Путин қол қойған жарлықта Ресейдің қарсы шаралары Украина ресейлік азаматтар мен заңды тұлғаларға қатысты енгізген санкциясын жойса ғана қолданыстан алынатыны айтылған.

2014 жылы Мәскеу Қырымды аннексиялап алған соң және Украинаның шығысында жанжал басталғаннан кейін Киев Ресейге қарсы санкциялар енгізген. Қазір ол тізімдегі 786 заңды тұлға және 1759 адамның арасында ресейлік олигархтар Олег Дерипаска, Виктор Вексельберг және «Газпром» компаниясының басшысы Алексей Миллер бар.

2018 жылы шілдеде Киев санкциялар тізіміне ресейлік партияларды, Ресей Орталық сайлау комиссиясын (Қырымда сайлау өткізгені үшін) және Ротенбергтер отбасын енгізген.

Дереккөз: Азаттық