Ресей үкіметі сарапшылары дербес интернет құру жобасын сынады
Ресей үкіметі жанындағы сарапшылардың жұмыс тобы елде автономды интернет құру туралы заң жобасын сынады. «Коммерсантъ» басылымының хабарлауынша, «Байланыс және IT» тобының мамандары даярлаған жауап хатында «дербес интернет» туралы заңды қолданысқа енгізуге бюджеттен қомақты қаржы керегі айтылады.
Сарапшылар зерттеу жүргізуге және дербес интернетті жасап, оны сынақтан өткізудің өзіне ғана 25 миллиард рубль кететінін айтады. Заң жобасы сонымен қатар байланыс операторларына қосымша проблема туындатады. Ол мәселелерді шешуге жылына 134 миллиард рубль жұмсалады.
Дербес интернет жүйесін құру үшін Роскомнадзорға қарасты құрылымдардың штатын кеңейту қажет. Сарапшылар заңға түзетулер енгізілсе, қадағалаушы органның құзыреті айтарлықтай күшейеді деп қауіптенеді.
Ал интернеттің үздіксіз, тұтас жүйе ретінде жұмыс істеп, оның беріктігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету құзыреті Федералдық қауіпсіздік қызметіне берілген.
«Байланыс және IT» тобының мамандары бұған қоса заң АҚШ-тан елдің кибер кеңістігіне төнетін қауіптің алдын алу туралы заң жобасында я қауіп, я Ресей заңдарының кемшілігі атап көрсетілмегенін айтады.
14 желтоқсан күні Мемлекеттік думаға Ресейде шетелдік серверлерге кіру мүмкін болмай қалған жағдайда дербес интернет құру туралы заң жобасы түскен. Құжатты Федерация кеңесінің комитет басшысы Андрей Клишас бастаған бірнеше депутаты ұсынған.
Жоба авторлары құжатта АҚШ-тың биыл қыркүйекте қабылдаған ұлттық киберқауіпсіздіктің жаңа стратегиясының «басқыншылық сипатын» ескергенін айтады. Құжатта келешекте ресейлік интернет қолданушылардың мәліметтерін шетелдік интернет ресурстарына жіберуін азайту көзделген. Қауіп төнген жағдайда байланыс операторлары трафикті орталықтан басқаратындай мүмкіндік беруге міндеттеледі.
Дереккөз: Азаттық