Ресей үй шаруасындағы әйелдерге жалақы төлемек: Қазақстандық әйелдерге айлық төленуі мүмкін бе? — Қазақстан жаңалықтары

0

Ресей билігі бала бағып, үй шаруасымен айналысатын әйелдерге ең төменгі мөлшердегі жалақы тағайындау туралы заң қарастырылып жатыр. Егер мақұлданса, ендігі жылдың қаңтар айынан бастап үйде отырған әйелдер де айлық алады. Ал қазақстандық үй шаруасындағы келіншектерге айлық төлеу дұрыс па? Бұл қаншалықты орынды? Stan.kz экономист-сарапшыларға хабарласып сұрап білді. 

Экономист Меруерт Махмұтова Қазақстанда мұндай заңның болғанын қолдайды. Өйткені  болмашы айлыққа жұмыс істеп, отбасыға уақыт таппай жүргенше, үйінде отырып бала-шағасына қарағаны дұрыс деп есептейді.

«Әйел адам кәрі әке-шешесін, мүгедек баласын, туыстарын қарап, жұмыссыз үйде отыруы мүмкін. Үйде отырғанымен қолы бос болмайды. Сондықтан мұндай ұсыныстың да бір жаны бар. Жас келіншектер не де болса жұмысқа шығуға тырысады. Мысалы, табысы аз жерде істеуі мүмкін. 70 мың жалақы алса, 50 мыңын балабақшаға береді. Ары-бері жүгіріп істегеніңмен сол еңбегіңді ақтамайды, одан да бала-шағасына қарап үйде отырғаны жақсы емес пе деп ойлаймын. Мемлекет үйде отырған әйелдерге айлық төлесе, отбасына көбірек көңіл аударатын еді. Біздің елде мұндай заң қабылданатын болса, қарсы емеспін», — деген экономист әйелдерге айына 100 мыңнан аса айлық төленуі тиістігін айтады.

«Онсыз да бюджеттің ақшасы қайда кетпей жатыр? Тым құрмағанда әйелдерге берсе елдің келешегін ойлайтын азамат тәрбиелеуге атсалысатын еді. Баласын балабақшаға апарып әуре болмайтын еді. Әрине балабақшада да жан-жақты үйретіп, тәрбиелейді. Бірақ орын жеткіліксіз», — дейді Меруерт Махмұтова. 

«100-150 мыңды мемлекет қайдан тауып бере алады десеңіз, біріншіден айлықты кім және қандай жағдай алатынын ескеру керек. Екіншіден, жылда ЛРТ сынды жүзеге аспайтын жобалар үшін ақшаны бөлгенге қарағанда үйде отырған аналарға айлық төлеу әлдеқайда ұтымды болар еді», — деген ол үйде отырған әйелдерді қолдау керектігін айтады. 

Экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, жұмыссызбын деп құр үйде жатып, мемлекеттен сұрана беруге болмайды.

«Жұмыссыз отырған қаншама адамға айлық төлейміз десе, бюджет көтере алмауы мүмкін. Қазіргі таңда бюджетке түсетін қаражат онсыз да төмендеген. Оған қосымша мұнай бағасы да құлдырап тұр. Былайша айтқанда, бюджеттік дефицит. Бюджетке түсетін кіріске қарағанда, шығын көп болып жатыр. Айналып келгенде жұмыссыз отырған аналарға айлық төлеу Ұлттық қорға қол салумен тең болуы мүмкін. Біз бүгінмен ғана жоспарлап қоятын болсақ, кейін дағдарысқа ұшырауымыз мүмкін», — дейді Ысқақов. Оның ойынша, қазіргі ең тиімді шешім қаражатты жұмыссыз отырғандарға емес, жұмыс орындарын ашуға бөлу керек. Егер жұмыссыз отырған әйел адамдарға ақша беріледі десе, тағы да бір масылдық жағдайын қалыптастыруы мүмкін.

«Мысалы, аз қамтылғандардың 300 мыңдық несиесін жапқан кезде көпшілік: «Егер қиналатын болсақ тағы да мемлекет жауып бере салады» деген ойға келді. Қашанғы мемлекет ай сайын жұмыссыз отыр екен деп жәрдемақы береді? Бұл мәселені жұмыс беру арқылы шешу керек», — дейді сарапшы. 

«Үйде отырған әйелдің екі-үш баласы болып, оның бірі жарымжан болуы мүмкін. Айлық тағайындалатын кезде осындай категориялар нақты анықталатын болса, ондай аналар көп те емес, төлеуге болады. Бұл оларға моральдік жағынан қолдау болар еді. Бірақ жұмыссыз қалдым деп, мемлектке жұмыссыз ретінде тіркеле салып, ақша аламын деген түсінік болмауы керек. Ал егер нақты категориялар анықталатын болса, мемлекет жәрдем көрсету керек. Үйінде жарымжан бала болып, жұмысқа шығуға мүмкіндігі болмайтын болса, беру керек», — деген эконмист жәрдемақы алу жалпылама сипат алмауы керектігін ескертті. 

Экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменов әйелдердің үйінде құр отырғаны үшін ақша алғанын қолдамайды. 

«Қолдамаймын. Үйінде жай отырған әйелге ақша төлеудің қажеті жоқ. Ал көпбалалы әйелдерге төлеп жатқан жалақымыз онсыз да көп емес. Сондықтан он бала туған әйелге кіші балабақша деген дәреже беріп, мемлекет ондай отбасыларды балалар санына байланысты жақсылап қаржыландыру керек. Өйткені қазіргі жас ұрпақ келешектегі жұмыс қолымыз. Сондықтан мемлекет келешек жұмыскерлерін қаржыландырып, барлық шығынын мойнына алу керек. Ана деген зауыт. Оның табиғаттан берілген миссиясы бала туып, жақсы тәрбие беру. Үйінде жай отырған әйелдерге берсе, үйінде жатқан еркектерге де берсін. Бұлай болмайды ғой. Ал көпбалалы аналардың жағдайын жасау үшін мемлекет күш салу керек», — деген пікірде Атамұрат Шәменов.

 

stan.kz