Ресей «SWIFT» жүйесінен ажыратылса не болмақ?

0

Ең алдымен «SWIFT» жүйесі дегеніміз не? Бұл – 1973 жылы құрылып, 1977 жылдан бастап ресми жұмыс істей бастаған Дүниежүзілік банкаралық қаржы телекоммуникациялары қоғамдастығы (Society for Worldwide Interbank Financial Telecommunications). Бас кеңсесі Бельгияда орналасқан.

Ұйымға 15 елдің 239 банкі мүше. Халықаралық байланыс жүйесі банктер арасында тәулік бойына ақпарат алмасуды жолға қойып, банк операцияларын тиімді ұйымдастыруға, адам еңбегін барынша азайта отырып, банктер арасында ақпарат алысуды жеделдетуге, банк тәуекелінің түрлерін азайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда «SWIFT» жүйесі 200-ден астам елдің 11 мыңға жуық қаржы институтының қызметін реттеп отыр.

Ал енді тәуекелдерді талдайық! Ресей «SWIFT» жүйесінен ажыратылса не болмақ?

Экономикасы онсызда тығырыққа тірелген Ресейдің «Сбербанк», «Альфабанк», «ВТБ» банк сияқты қаржы ұйымдарының қаржылық операция жасау мүмкіндігі шектеліп, Visa, MasterCard төлем жүйелері қызмет көрсетпейді. Шетел банктеріне ақша аударылмайды. Қысқасын айтқанда, төлем карталары қажетсіз затқа айналады.

Ол аз десеңіздер Apple Pay сөндіріліп, әлемнен бөлектеніп қалу қаупі жоғары.

Яғни, «SWIFT» жүйесінен ажыратылған елдің банктері қаржы аударымдарын жасау мүмкіндігінен айырылады (Иран 2012 жылы «SWIFT» жүйесінен ажыратылған).

Еске сала кетейін, бұған дейін Reuters агенттігі Ресейдің «SWIFT» жүйесінен ажыратылатынын хабарлаған болатын.

Бастапқыда Еуропа елдері (Франция, Германия, Италия) Ресейдің «SWIFT» жүйесінен ажыратылуына қарсы болып, кейіннен мақұлдаған. Себебі бұл әрекет өз экономикаларына қауіп төндіруі мүмкін еді. Өйткені Ресей газ тасымалы арқылы Еуропа елдерін өз уысында ұстап отыр. Ал Ресей әлемдегі энергия ресурстарының негізгі жеткізушісі болып табылады.

Демек Ресей SWIFT жүйесінен ажыратылып, экономикасы құрдымға кеткен жағдайда, біраз елдің соры қайнайды. Оның ішінде Қазақстан да болуы ықтимал.

Оралбай МЕРГЕНБАЙҰЛЫ