Ресей соты Керчьте ұсталған украиналық теңізшілерді қамауға алды
Ресей аннексиялаған Қырым соты Керчьте ұсталған украиналық үш теңізшіні қамады.
Ресей тарапы жалпы 24 украин әскерінің қызметкерін ұстаған. Олардың алтауы соққы кезінде жарақат алып, он екісі сотқа тартылған. Қамауға алынғандар алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ресей сотының шешіміне қарағанда, украин теңізшілері Ресей шекарасын қасақана басып өтіп, күш қолданып, қақтығыс туғызған.
Осыған дейін Еуроодақ, НАТО және АҚШ елдері Ресейге Керчь бұғазындағы кемелердің еркін өтуін қалпына келтіруге және сенбі күні басып алынған Украина кемелерін қайтару туралы қатаң талап қойған болатын. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Мәскеу ұсынған «Украинаның Ресей шекарасын бұзуы бойынша» отырыстың күн тәртібін мүлде қабылдаған жоқ.
Айта кетейік, 25 қарашада Ресей арнайы жасағы Азов теңізінде Украина әскери теңіз күштеріне тиесілі үш бірдей кемеге шабуыл жасап, басып алған болатын. осы жағдайдан соң Украина президенті Петр Порошенко елде бір айға әскери жағдай енгізді.