Ресей қазақстандық Каспий құбыр желісінің жұмысын тоқтатып тастады

0
697

Ресейдің Новороссийск қаласындағы аудандық сот Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысын 30 күнге тоқтатты.

Ақпаратқа қарағанда, бұған консорциумның апат кезінде төгілетін мұнайды жою жоспарына қатысты құжаттарының дұрыс болмауы түрткі болған. Қазақстан мұнайының едәуір бөлігі КҚК арқылы экспортталады.

Сот шешіміне негіз болған тексеріс 6 мамырда өткен, сол кезде Ространснадзор КҚК өндіріс нысандарының экология ережелерін сақтамай отырғандығын анықтаған.

Консорциумға 6 маусымда қателіктерді 2022 жылдың 30 қарашасына дейін жою туралы ұйғарым берілген. Сол күні әкімшілік хаттама да толтырылған.

Компания ұйғарым мерзімі қарашада бітеді деп айтылса да, Ространснадзор бөлімшесінің сотқа қайырылып, консорциум жұмысын тоқтатуды талап еткенін айтады. КҚК шешімге қарсы шығып, сотқа өтініш түсірген. Алайда сот өтінішін орындамаған.

– Каспий құбыр желісі консорциумы Ресей федерациясының құқықтық шеңберінде жұмыс істейді және сот шешімін орындауға мәжбүр. Шешімге заңда белгіленген тәртіп бойынша шағым түсіріледі, – деп жазылған КҚК хабарламасында.

Ресей Украинаға басып кіріп, Батыс елдері Мәскеуге санкция салғалы бері Қазақстан мұнай экспорттау бойынша алғаш рет шектеуге ілініп отырған жоқ. Биыл наурызда құбыр консорциумының Ресейдің Новоросийск қаласы түбіндегі теңіз портында мұнай тасымалдайтын екі қондырғысы істен шығып, жұмысын ішінара тоқтатқан. Тек мамырдың соңында қалпына келгені хабарланды. Ресми түсіндіруі бойынша, оған теңіз дауылы себеп болған. Алайда наурыз айында немістің Handelsblatt басылымы зерттеу жариялап, Ресей Қазақстан мұнайының Еуропа нарығына шығуына қасақана түрде бөгет жасаған деген тұжырым жасаған.

КҚК арқылы тасымалданатын мұнайдың 90 пайызға жуығы – Қазақстаннан келеді және олар түгелге жуығын шикізатпен «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» мұнай жобалары қамтамасыз етіп отыр. Осы құбырмен Ресей мұнай кеніштерінде өндірілген біраз шикізат та тасымалданады.