Ресей қаңтардағы бүлік жайлы алдын ала білген болып шықты

0
2685

Ресей Сыртқы барлау қызметінің директоры Сергей Нарышкин «Московский Комсомолец» басылымына берген сұхбат барысында барлау қызметінде Қазақстандағы қаңтар оқиғасына дайындық туралы деректер болғанын, оларды Қазақстандағы арнайы қызметке бөліскенін мәлім етті, деп хабарлайды kznews.kz сайты qamshy.kz порталына сілтеме жасап.

– Ең алдымен Сирияда талқандалған ИЛИМ (Ирак және Левант Ислам мемлекеті) ұйымы мен өзге де террористік топтардың тонаушылары Орта Азия елдеріне қарай жылжып келе жатқаны туралы ақпарат болды. Бұл біздің де, ана елдердің (Орта Азия елдері — ред) де арнайы қызметі үшін құпия дерек емес еді. Мұндай қозғалыс кімнің қамқорлығының арқасында жүзеге асқаны да белгілі болған. Аймақтағы барлық мемлекеттер жағдайға байланысты алаңдаушылық білдірді. Біз қолымыздағы ақпаратты Қазақстандағы әріптестерімізге, ҰКШҰ-ға (ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы) кіретін өзге елдерге де бөлістік, – дейді Сергей Нарышкин.

Ресей Сыртқы барлау қызметінің директоры Қазақстандағы жағдай деструктивтік саяси күштер бейбіт наразылық акцияларын «түрлі-түсті рефолюцияға оперативті әрі жоспарлы түрде пайдалана алатынын айқын көрсеткенін айтады.
6 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жаппай тәртіпсіздікке «террорлық шабуыл» деген баға беріп, бұзақылықты «нағыз террористер» жасап отырғанын айтқан. Сондай-ақ ол террористік топтар шын мәнінде, «шетелде үлкен дайындықтан өткен халықаралық террористер екенін» және «олардың Қазақстанға жасаған шабуылын басқыншылық акті ретінде қарастыру қажет екенін» мәлім еткен.
Алайда ресми орындар ешқандай ұйымды, оның өкілдерін атамады. Тек 26 қаңтарда «Хабар» телеарнасы қаңтар оқиғасы туралы көрсеткен деректі фильмде оқиғаға «Йакын Инкар» радикалдық ағым өкілдерінің қатысы бары айтылған. Одан өзге ақпарат берілмеді.