Ресей MH17 ұшағының апатын өз мойнына алуы тиіс

0

Еуропа одағы Ресей малайзиялық MH17 ұшағының апатын өз мойнына алуы керек деп санайды. Бұл туралы ЕО кеңесінің апаттың бес жылдығы қарсаңында қабылдаған декларациясында айтылған.

ЕО құжатта Мәскеуді ұшақ апатын тергеуде Батыс елдерімен бірге жұмыс істеуге шақырады. Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұған дейін Мәскеу өзі қатыспаған барлық тергеу мен тексеру жұмыстарының нәтижесін мойындамайтынын айтқан.

19 маусымда Нидерланд прокуратурасы малайзиялық ұшақтың апатына қатысты Ресейдің үш азаматын және Украинаның бір азаматына ресми түрде айып таққан. Олар: Украина шығысында өзін-өзі жариялап алған «Донецк халық республикасының» әскерінің бұрынғы жетекшісі Игорь Стрелков (негізгі фамилиясы – Гиркин), оның орынбасары Сергей Дубинский (лақап аты – Хмурый), Дубинскийдің көмекшілері Олег Пулатов (Гюрза) және Леонид Харченко (Крот).

Тергеушілер осы төрт адам «Бук» зымыран кешенін Донецк аймағына жеткізу жұмыстарын ұйымдастырды деп санайды.

Осыдан бес жыл бұрын, 2014 жылы 17 шілдеде Украинаның Донбасс аймағында Малайзияның MH17 ұшағын атып түсірген. Борттағы 298 адам мерт (193 голландиялық, 43 малайзиялық, 27 австралиялық және 4 бельгиялық) болған. Ұшақ Амстердамнан Куала-Лумпурға ұшып бара жатқан.

Оқи отырыңыз: Ресейшіл содырлар мақтанып, MH17 ұшағы құлаған күн

Бұл апат бойынша процесс 2020 жылы 9 наурызда Гаага сотында басталады деп жоспарланған.

Бүгін, 17 шілдеде Нидерланд елінде ұшақ апатынан көз жұмғандарды еске алу шарасы өтеді.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз