Ресей Луганск және Донецк тұрғындарына төлқұжат бере бастады

0

Ресейдің ішкі істер министрлігі Украинаның шығысында өзін-өзі жариялаған «Донецк халық республикасы» (ДХР) және «Луганск халық республикасы» (ЛХР) тұрғындарына ресейлік төлқұжат бере бастады. Бұл ақпаратты ресейлік РБК арнасы хабарлады.

Сайттың жазуынша, қазіргі кезде Ресей-Украина шекарасындағы «екі уақытша өткізу пунктінде төлқұжаттар беріп жатыр». Әзірге нақты қайсы пунктерде екені айтылмайды. Ресей қолдайтын сепаратистер бақылауындағы аумақта 12 мың адамның төлқұжат алуға өтініш бергені айтылады.

ДХР көші-қон қызметінің жетекшісі Владимир Краснощектің айтуынша, өзін-өзі жариялаған республика басшылығы төлқұжат алғысы келген азаматтарды «күн сайын» көлікпен қамтамасыз етіп жатыр. Жұма, маусымның 14-і күні осындай қызметті 34 тұрғын пайдаланған. Краснощектің айтуынша, сегіз мыңнан астам адам кезекте тұр.

Ресейдің күштік құрылымдарының бейресми ақпаратын жиі тарататын Тегеграмдағы WarGonzo арнасы 14 маусымда «Новошахтинскіде — ЛХР тұрғындары, Покровкада ДХР тұрғындары алғашқы Ресей паспортын алды. Енді олар дактилоскопиядан өтіп, Ресей Федерациясына адал болатыны жайлы ант беруі тиіс» деп жазды.

24 сәуірде Ресей президенті Владимир Путин ДХР және ЛХР тұрғындарына жеңілдетілген режимде Ресей азаматтығын беру туралы жарлыққа қол қойды. Кремльдің түсіндіруінше, төлқұжаттар «гуманитарлық және адам құқығын қорғау мақсатында беріледі».

Украина үкіметі ЛХР және ДХР тұрғындарына берілетін ресейлік төлқұжаттарды заңсыз деп таныды. Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск Ресейдің шешімі Минск келісім-шартына қайшы келеді деп санайды.

Azattyq