Ресей коронавирусты жоғары дәлдікпен анықтайтын тест жасап шығарды

0

Тесттің жаңа түрін эпидемиология бойынша ғылыми-зерттеу институтының мамандары жасап шығарған, ол барлық еуропалық талапқа сәйкес келеді

НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Ресейдің тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы федералды қызметі коронавирусты жоғары дәлдікпен анықтайтын тест жасалғанын жариялады, деп хабарлады РИА Новости.

Ресми мәліметке сәйкес, тесттің жаңа түрін эпидемиология бойынша ғылыми-зерттеу институтының мамандары жасап шығарды. Ол барлық еуропалық талаптарға сәйкес келеді. Оның көмегімен SARS-Cov тұқымдас вирустарды (SARS-CoV және SARS-CoV-2) ғана емес, Таяу Шығыс респираторлық синдром сияқты ауру белгілеріне ұқсас MERS-Cov вирусын да анықтауға болады.

«Диагностикалық жинақ клиникалық сынақтан сәтті өтті. 25 наурызда Ресей Федерациясында қолдану үшін тіркелді. Медициналық өнімнің тіркеу куәлігі № РЗН 2014/1987)», — делінген ресми ақпаратта.

Айта кетейік, 11 наурызда Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирустың таралуын пандемия деп жариялаған болатын. Ұйымның мәліметі бойынша бүгінде осы індетті жұқтырғандардың жалпы саны 690 мың адамнан асты. 33 мың адам қайтыс болды.

Ал Джон Хопкинс университетінің есебіне сәйкес, COVID-19 инфекциясына шалдыққандардың саны 800 мың адамнан асып жығылады. 37 мыңнан астамы көз жұмды.



sputniknews.kz