Ресей ғалымы: «Әлемдегі ең үлкен ми – қазақтарда»

0
844

Ресейдің атақты ғалымдарының бірі, Ломоносов атындағы ММУ Биология факультетінің доценті Станислав Дробышевский қазақтардың миы туралы былай дейді: «Көшпелі малшылардың ұрпақтары саналатын қазіргі кей халықтардың миы еуропалықтарға қарағанда біршама үлкен. Олардың ішінде моңғолдар, буряттар және қазақтар бар».

Танымал антополог бұл туралы Дмитрий Пучковтың Youtube-арнасына берген сұхбатында айтады. Осы тұжырымдамаға қатысты Экспресс К тілшісі Назарбаев Университетінің профессоры, палеоантрополог Рид Койлмен сұхбаттасып, пікірін білген еді.

— Жалпы бұл тұжырымға қандай түсініктеме бере аласыз? Рас па, өтірік пе? Осылай айту қаншалықты дұрыс?

— Адам миының мөлшеріне қатысты соңғы кезде бірнеше зерттеу жүргізілді. Негізі бұл зерттеуге өте қиын тақырып. Десе де ми көлемі Орталық Азияны қоса алғанда, жоғары ендік аймақтарда және суық ортада өмір сүретін адамдарда үлкенірек көрінеді. Ал, мысалы, жоғары географиялық ендікте тұратын еуропалықтардың миы соншалықты үлкен болмауы мүмкін. Бергман және Аллен деген ғалымдар қалыптастырған теориямен түсіндіруге болады. Оған сәйкес адам денесінің температураны реттеу қызметі мен дене мүшелеріндегі өзгерістер өмір сүретін жеріне байланысты. Алайда бұны нақты теория деп айтуға келмес. Өйткені адам миының осылай әр аймақта әртүрлі болуына қатысты зерттеулер аз адам арасында жүргізілді. Оған көп ел қатыспады. Сондықтан бір халықтың миы үлкен немесе кіші деп айту дұрыс болмауы мүмкін.

— Негізі, түрлі этностардың ми мөлшері шынымен де әртүрлі ме? Мысалы салмағы, түрі, түсі және басқа да параметрлері?

— Жоғарыда аталған зерттеулерде тек бас сүйегінің сыйымдылығы, яғни мидың текше сантиметрмен өлшегендегі мөлшері қарастырылған. Мысалы орта есеппен ерлердің миы әйелдерге қарағанда үлкен, бірақ бұл біздің жыныстық айырмашылыққа тән нәрсе. Яғни жалпы ер адамның денесі әйелден ірі болып келеді. Бар айырмашылық тек мидың мөлшерінде, оның құрамы мен жұмыс істеу қабілетінде еш өзгешелік жоқ екені анықталған.

— Сонымен қазақтардың миы қандай, антропология тұрғысынан сипаттап бере аласыз ба?

— Мен қазақтарға қатысты ағылшын тілінде ешқандай сенімді ақпарат таба алмадым. Шынымды айтсам, мидың көлемі мен мөлшеріне арналған зерттеулер ескірген. Сондықтан адамдар арасындағы айырмашылықтарды түсіну мұндай зерттеу жұмыстарын қолданбайды десе де болады.

— Ең маңыздысы мидың мөлшері емес, оны дұрыс жұмыс істету сияқты. Солай емес пе?

— Генетикалық микроцефалия сияқты ауруларды ескермесек, мидың мөлшері адамның ақыл-ой қабілетіне әсер етуі мүмкін. Бұл биологиялық қалыпты жағдай, әр адамның бойы, салмағы, шашының түсі әртүрлі болатындай миымызда да айырмашылықтар болуы мүмкін. Зерттеулерге сәйкес, қалыпты деңгейде дамыған адам миының мөлшері мен ақыл-ой қабілеті арасында айқын байланыс жоқ. Қазіргі кездегі интеллект мидың үлкен-кішкентай болуына емес, әлеуметтік-экономикалық және (немесе) мәдени жағдайға байланысты. Әрине адам эволюциясы барысында мидың үлкейгенін байқаймыз, десе де адамдар арасында қатты айырмашық жоқ. Осы тұста маңызды мысал келтіре кетейін, біздің немере ағаларымыз саналатын неандертальдарды алайық. Олар суық аймақтарға бейімделіп өмір сүрген, содан болар қазіргі адамдарға қарағанда миы үлкен болған. Бірақ соған қарамастан, неандертальдар бізге қарағанда мінез-құлық, психологиялық және мәдени-технологиялық тұрғыдан әлдеқайда дамыған болды деп айтуға келмес.

— Антрополог ретінде айтыңызшы, қазақтарда басқа этностарға қарағанда ерекшеліктері бар ма? Мысалы аяғы үлкен, көзі кішкентай, жамбас сүйегі ірі және тағы басқа…

— Қазақтарды Орталық Азиядағы басқа елдермен бұрынғы көшпенді өмір салты, кейінгі замандағы көші-қон мен отаршылдықтың күрделі тарихы біріктіреді. Сондықтан осы аймақтағы халықтарға ұқсас келеді. Дегенмен айырмашылықтың көбі биологиялық емес, лингвистикалық және мәдени өмірге байланысты дер едім. Бұрын дене мүшелеріндегі әртүрі өзгешіліктерге сүйене отырып, адамдарды биологиялық топтарға жіктеуге тырысатын, бірақ бәрі сәтсіз болды. Әлемдегі халықтарды тек физикалық белгілерге қарап, дәйекті түрде сипаттау және бөлу мүмкін емес.

— Сұхбатыңызға рахмет!

exk.kz