Ресей елшісі қазақстандық челленджге қатысты
Қазақстандағы Ресей елшісі Алексей Бородавкин жалпықазақстандық «Atamnyn Amanaty» челленджіне қатысып, Ұлы Отан соғысында болған туыстары туралы айтып берді
«Еліміздегі көптеген отбасылар секілді менің де туған-туысқандарым соғыс жылдары қан майданға аттанды. Олардың ішінде әкемнің немере ағасы Владимир Александрович Бородавкин және немере ағаларым Дмитрий Аркадьевич Маишев пен Евгений Аркадьевич Маишев», — деді Алексей Бородавкин.
Оның айтуынша, Владимир Бородавкин 1941 жылдың желтоқсаны — 1942 жылдың басында Қырым түбегіндегі операцияға қатысқан. Сол жерде ауыр жараланып, кейін елге қайтарылады.
Алексей Бородавкиннің немере ағалары соғыстың соңына дейін әскер қатарында болған. Олардың бірі — аға сержант-зеңбірекші, екіншісі — көлік жүргізушісі.
«Өкінішке қарай, олар қазір жоқ, біздің отбасы оларды құрмет тұтып, ешқашан ұмытпайды», — деп қосты Бородавкин.
Сөз соңында Қазақстандағы Ресей елшісі халықты Жеңіс күнімен құттықтады.
sputniknews.kz