Ресей «Дүниежүзілік украин конгресін» қажетсіз ұйымдар қатарына енгізді
Ресей бас прокуратурасы ел аумағында жұмыс істейтін «Дүниежүзілік украин конгресі» атты канадалық үкіметтік емес ұйымын елге «қажетсіз ұйымдар» қатарына енгізді. Бас прокуратура мәлімдемесінде ұйымның жұмысы «Ресей қауіпсіздігі мен конституция негіздеріне қауіп төндіретіні» жазылған.
«Дүниежүзілік украин конгресі» 1967 жылы АҚШ-та құрылған. Штаб-пәтері Торонто қаласында орналасқан. Конгресс сайтында ұйымның дүниежүзіндегі украин диаспораларының үйлестірушісі екені жазылған.
«Қажетсіз ұйымдар туралы» заңға Ресей президенті Владимир Путин 2015 жылдың мамыр айында қол қойған. Құжатқа сәйкес, мұндай ұйымдарға Ресей аумағында жұмыс істеуге және олармен әріптестік орнатуға тыйым салынған.
Қажетсіз ұйымдар тізіміне бас прокурор немесе оның орынбасары «елдің қауіпсіздігі мен конституциясына қауіп төндіруі мүмкін» деп тапқан кез-келген ұйым енуі мүмкін. Тізімге енген ұйымның Ресейдегі шоттары бұғатталып, заңды бұзғандарға 500 мың рубль көлемінде айыппұл салынып, сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы да қарастырылған.