Ресей думасы интернетті оқшаулау туралы заң жобасын соңғы оқылымда мақұлдады

0

Бүгін, 16 сәуірде Ресей мемлекеттік думасы үшінші және соңғы оқылымда Ресей интернетін оқшаулау туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл туралы ресейлік ақпарат агенттіктері хабарлады.

Рунетті оқшаулау туралы заң жобасын былтыр желтоқсанда сенатор Андрей Клишас ұсынған. 12 ақпанда құжат алғашқы оқылымда мақұлданып, өткен аптада екінші кезеңнен өтті.

2021 жылы күшіне енетін ақпаратты криптография жолымен қорғау және домен аттарының ұлттық жүйесі туралы нормаларды санамағанда оқшаулау заңы биыл қараша күшіне енуі керек.

Заң жобасында мына мәселелер қарастырылған:

  • Ресейлік қолданушылар өзара алмасқан деректердің шетелдерге берілу мүмкіндігін азайту.
  • Операторлар қауіп туындаған жағдайда трафикті орталықтан басқаруға қамтамасыз етуі тиіс.
  • Тыйым салынған ақпараты бар ресурстарға кіруге шектеу қою үшін трафик көзін анықтайтын құрылғыларды техникалық жабдықтар мен желілерге орнатуға мүмкіндік жасау.
  • Ресейлік операторларды шетелдің түпкі серверлеріне қосылуы қиындаған жағдайда ресейлік интернет-ресурстардың жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру.
  • Ресейлік желі сегментінің жұмыс қабілетін қалпына келтіру және қауіпті анықтайтын шараларды пысықтау үшін билік органдарын, байланыс операторларын мен технологиялық желі иелерін жиі оқу-жаттығу жүргізуге міндеттеу.

Заң авторлары жобаны «2018 жылдың қыркүйегінде қабылданған АҚШ-тың агрессиялық сипаттағы ұлттық киберқауіпсіздік стратегиясына қарсы әзірлегендерін» айтқан.

АҚШ стратегиясында «Ресей, Иран, Солтүстік Корея біздің одақтастарымыз бен серіктестерімізге, америкалық және халықаралық компанияларға нұқсан келтіретін бірнеше кибершабуыл жасады әрі болашақта кибершабуылға тосқауыл болатындай жауапқа тартылмады» деп жазылған.

Ресейдің бірнеше қаласында заң жобасына қарсы митингілер өткен.

Azattyq