Ресей думасы билікке тіл тигізгендерді жазалайтын заң жобасын мақұлдады
6 наурызда Ресей мемлекеттік думасы билік органдарына тіл тигізіп, мемлекеттік рәміздерді құрметтемегендерді жауапқа тартатын заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Бұған қоса, депутаттар жалған ақпарат таратқанға айыппұл салатын заң жобасын да қолдады. Жобаны 327 депутат жақтап, 42 депутат қарсы болған.
Жаңа заңға сай, билікке тіл тигізген немесе мемлекеттік рәміздерді құрметтемеген адамға 5 мың рубль (шамамен 76 доллар) айыппұл салынады немесе 15 күнге қамалады. Ал жалған ақпарат таратқан тұрғын 100 мың рубль (1500 доллар), лауазымды тұлға 200 мың рубль (3 мың доллар), заңды тұлғалар жарты миллион рубль (шамамен 6 мың доллар) айыппұл төлейді.
Екінші оқылымда қабылданған заң жобасына сай, ресми тіркелген ақпарат құралдары жарияланып кеткен жалған ақпаратты тез арада жойса, айыппұл төлемейді.