Ресей Батыстың басымдығын бұза ала ма?

0

Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның саясаты Батыстың көзқарасына негізделген. Бұны ешкім ашық айтпаса да, іштей біледі және «бәрі өзімен-өзі реттеледі» деп ойлайды. Бірақ үндемей отыруға да болмайды

РИА Новости ақпараттық агенттігінің колумнисі Ирина Алкснис осы мәселенің төңірегінде ой өрбітіп көрді.

Ресейдің бастамасымен шақырылған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бейресми отырысында Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның өткен жылғы баяндамасы қаралды. Онда 2018 жылы 7 сәуірде Сирияның Дума қаласында химиялық қаруды пайдалануға қатысты тергеудің қорытындысы болған.

Осы жолы Мәскеу баяндаманың «бұлыңғыр» екенін ашық айтты. Оны бұрынғы мәліметтер де, жаңа айғақтар да дәлелдеп отыр. Ол құжаттың қарама-қайшылықтары көп. Бұрмалау жағы да басым. Ал, ең бастысы, батыс елдерінің Сирия билігін, соның ішінде Башар Асадты химиялық қару үшін айыптауға деген ұмтылысы байқалады. Алайда бұл құжаттың жаһандық бір аспектісі де бар. Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның айналасындағы текетірес Ресей мен Батыстың әлемдік саяси жүйеге қатысты қарама-қайшылықтарын ашық көрсетсе керек.

Иә, Мәскеудің мәлімдемесі Батысқа ұнамайды. Бұны Ұлыбританияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Карен Пирс те ашық айтты. Оның ойынша, Ресей Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның баяндамасына күдік келтіру арқылы осы бірлестіктіктің беделін түсіруді көздейді.

Енді, тарихқа үңіліп көрейік. Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым 1997 жылы құрылған болатын. Ол кезде АҚШ пен Батыс үстемдік етті. Осының нәтижесінде ұйымда батыс елдерінің басымдығы, соның ішінде ұйымның негізгі құрылымы – техникалық хатшылықты бақылау шаралары күшейді. Осыдан бірнеше сұрақ туындайды. Ұйымның әділ шешім шығарудың шегі қандай? Қай кезден бастап ол басымдық етуші елдердің мүддесін қорғайды?..

Ресейдің Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымындағы тұрақты өкілі Александр Шульгиннің айтуынша, қазіргі кезде техникалық хатшылық АҚШ-тың қолдауына сеніп отыр. Сол себепті бәрі өзімен-өзі реттеледі деп ойлады. «Жоқ, өзімен-өзі реттелмейді», — дейді Шульгин.

Осыған байланысты Ресей Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымды, соның ішінде техникалық хатшылықты реформалауды талап етіп отыр. Оның құрамы географиялық жағынан тең дәрежеде жасақталуы шарт. Әйтпесе, бүгінде Вашингтонның одақтас сарапшылары басымдыққа ие болып, барлық бастамаларға тосқауыл жасап келеді.

Осыдан кейін кімнің деструктивті сипатта әрекет етіп жатқанын анықтап көріңіз. Қазіргі жүйені өзгертуге тырысып жатқан Ресей ме? Жоқ, әлде өз басымдығын сақтауға күш салып отырған АҚШ пен оның одақтастары ма?..

Бүгінде ұйымның техникалық хатшылығы ғана емес, басқалар да «бәрі өзімен-өзі реттеледі» деп ойлайды. Оларға Шульгиннің сөзімен жауап берген дұрыс шығар. Жоқ, өзімен-өзі реттелмейді…

Автордың пікірі редакцияның ұстанымын білдірмейді.



sputniknews.kz