Ресей барлық украиндықтарға жеңілдетілген тәртіппен азаматтық беруі мүмкін
Сәуірдің 27-сі күні Ресей президенті Владимир Путин Пекинде өткен баспасөз конференциясында Ресей билігінің Донбасс қана емес, Украинаның барлық азаматтарына жеңілдетілген тәртіппен азаматтық беру мәселесін қарастырып жатқанын хабарлады.
«Жалпы Украина азаматтарына жеңілдетілген тәртіппен азаматтық беру жағын қарастырып жатырмыз» деп РИА «Новости» агенттігі Путиннің сөзінен үзінді келтірген.
Оның айтуынша, Донбасс тұрғындарына Ресей азаматтығын беруге шамамен 100 миллиард рубль жұмсалуы мүмкін.Ол Ресей билігі Донбасс тұрғындарына барлық қажетті әлеуметтік көмек көрсететінін де айтқан.
24 сәуірде Владимир Путин Украина сепаратистері бақылайтын аумақ тұрғындарына Ресей азаматтығын алуды жеңілдететін қаулыға қол қойған. Құжат мәтіні Кремльдің ресми сайтында жарияланды. Қаулыда жеңіл тәртіппен паспорт алу құқығы адам құқықтары мен еркіндігін қорғау үшін «гуманитарлық мақсатта» беріледі деп жазылған.
Украина және АҚШ Кремль қаулысын айыптады. АҚШ мемлекеттік департаментінің Украинадағы арнаулы өкілі Курт Волкер азаматтық алуды жеңілдету «арандату» және «аумақты басып алу жоспарының бір бөлігі» деп мәлімдеді.
Ресей 2014 жылы наурызда Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алып, сәуірде Донецк мен Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен Украина әскері арасында соғыс басталған. Қақтығыстардан 10 мыңнан астам адам қаза тапқан. Киев Мәскеуді ресейшіл сепаратистерді қолдап отыр деп айыптайды. Мәскеу оны жоққа шығарады. 2015 жылы ақпанда Минскіде қақтығысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанымен, құжат шарттары әлі күнге толық орындалмай келеді.