Рейхстагқа тұңғыш ту тіккен қазақ: Ерлігі 62 жылдан соң ғана мойындалған Рақымжан Қошқарбаевтың өмір жолы — Қазақстан жаңалықтары
Екінші дүниежүзілік соғыста Отан үшін аянбай айқасса да, аты аталмай ерлігі мойындалмаған батырлар көп болды. Солардың бірі қанды қырғын майданда фашистерге тойтарыс берген, сұм соғыстың нүктесін қойған, Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ азаматы Рақымжан Қошқарбаев еді. Әйтсе де, Берлин шабуылының қаһарманы, Рейхстагқа ту тіккен Ұлы Отан Соғысының батыры Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі 62 жылдан соң ғана мойындалды. Туды тігу үшін басын бәйгеге тікті, қауіпке қарамады, зулаған оқты елемеді. Оның ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Бүгінде Stan.kz ақпарат агенттігі Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың өмір жолына үңіліп, оның ерлігін еске алады.
Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысы Қырыққұдық ауылында дүниеге келген. Бірақ, саналы ғұмыры қазіргі Астана қаласының іргесіндегі Тайтөбе ауылында өтті. Бала Рақымжан ана мейіріміне қанып өспеді. Ол әлі де еркелеп жүретін төрт жасында анасын жер қойнына тапсырды. Балалық шағының ең ауыр кезеңінде ойын баласы ауыр қайғыны жұдырықтай жүрегімен сезді. Сезді де есейді. Әкесіне қолғабыс еткісі келді. Ал әкесі баласына жетімдіктің ащы дәмін көрсетпеуге тырысып бақты. Барынша бала көңілін аулаумен болды. Дегенмен, әкелік жылылықты да бала Рақымжан көп көрмепті. Күздің қара суық күндерінің бірі бір-біріне сүйеніш болған әке мен бала шүйіркелесіп отыр еді, бұл тыныштықты тарсылдаған есік даусы бұзды. Беймезгіл уақытта ентелеп келген қара киімділер оның жалғыз тірегін – әкесін алып кетуге келіпті. Бұл жандайшаптар баланың әкесін ғана алып кетпеді, олар Рақымжанның балалық шағын да біржолата ұрлады. Адамға деген сенімін сөндірді, ертеңгі күнге деген үміт отын «жалп» еткізіп өшірді.
Бала Рақымжанның әкесін сол әкеткеннен мол әкетті. Халық жауы деген желеумен қамап тастады. Онымен қоса, әкесінің өзге де үш бірдей бауырын дәлі осындай жаламен жер аударды. Әулетте бас көтерер азамат қалмады. Ал, Рақымжанның маңдайына «халық жауының баласы» деген жаманат таңба болып басылды. Бұл енді ғана оң-солын тани бастаған Рақымжан үшін ауыр соққы еді. Бұдан бала есеңгіреп қалады. Сөйтіп, жазғыз қалған бала туыстарының үйінде тұрады. Бірақ, ол тыныш өмірден мүлдем айырылады. «Халық жауының баласы» деп оны туыс-бауырларымен қоса ең ауыр еңбекке жегіп, содан оқу жайына қалады.
«Қысым көп болған. Көпшіліктің баласына тиіспей, тек әкелерін алып кеткен біздің әулеттің балаларына оқу оқытпай, қайда болса сонда жұмсай берген. Балалардың бәрін күзде масаққа, қыста шөпке алып кетіп жатты. Сонда Рақымжан аға «бұлар менің әкемді, туыстарымды алып кетті. Мен енді оларға көнбеймін. Мен мына балаларды алып, интернатқа кетемін» депті»,- дейді Рақымжан Қошқарбаевтың немере қарындасы Рымжан Мұсабекқызы.
Бала Рақымжанның бар ойы жетімдер үйін паналау, сол жерде тиісті білім алу. Білімсіз күні қараң екенін ол сәби жүрегімен сезді. Білімге ұмтылды. Бірақ, ол жердегілер «сен ғана жетім болып жүрген жоқсың» деп баланы қабылдамай, жылатады.
Бала Рақымжанды жылатқан ыза. Ол анасынан айырылған тағдырға ызалы. Әкесін қамаған билікке ызалы. Өзін таңнан қара кешке дейін жұмысқа құлша жеккен шолақ белсенділерге ызалы. Енді, міне қызыл жағалыға ызалы. Шарасыз бала. Барар жер, басар тауы жоқ мұндай әділетсіздік Рақымжанның өмірінде әлі талай болады. Бірақ, қара бұлттың өзінен кейде жылт етіп күн шығады.
«Тайтөбе балалар үйі», «Сәдуов». Бала Рақымжанның ар қарайғы тағдыры осы екі сөзбен тығыз байланысты болды. Сәдуов интернат директоры. Рақымжанға да, интернетта тәрбиеленген өзге де балаларға әкелік мейірімді осы кісі береді.
Ашуды ақылға жеңдіру, сабыр сақтау – мұның барлығын Рақымжанға өмір мектебі үйретті. Ол өте зерек болды. Кітапқа деген махаббаты да осы интернатта жүргенде ашылды. Интернатта білім тоқыған Рақымжан бозбала шағында Балқашқа Фабрика-зауыт училищесіне аттанады. Күндіз білім, кешке өндіріс, әрі оқу әрі жұмыс істеді. Балқашта Рақымжан Қошқарбаев қоғамдық жұмысқа көп араласатын өнерлі шәкірттердің бірі болды. Бірде мандалина тартып жұртты үйіріп, бірде мұз бетінде ұршықша иіріліп коньки тепті.
«Ол үнемі бірінші болды. Қауіп төнгенде ойланбастан бұзып жарар әрекет ететін. Осындай ерекшеліктері оны батыр етті. Ерлік жасауға итермеледі. Ол әділетсіздікпен күресті. Мұндай кезде ол тіпті шыдамсыз болып кетеді екен»,- дейді Рақымжан Қошқарбаевтың немересі Дәурен Қошқарбаев.
Дәл осы қасиеттері Рақымжан Қошқарбаевты соғыс алаңдарында да талай қауіпті сынақтарға сүйреледі. Соғыс туралы суық хабарды Рақымжан Тайтөбеде шөп шауып жүрген кезде естиді. Бұл жайсыз жаңалық оны бейжай қалдырмады. Бұл кезде ол небәрі 17 жаста еді. Сол жастығына қарамастан ол соғысқа сұранады. Ауылға бірінен соң бірі келіп жатқан қара қағаз да, одан жоқтау айтып, қара жамылған қыз-келіншек, аналарды көру оған қатты ауыр болды. Бірақ, оның жасы ұрыс даласына аттануға жетпеді. Сондықтан, ол Фрунзе бүгінгі Бішкек қаласына әскери дайындық мектебіне оқуға келеді. Өміріндегі ең бақытты кезең де, осы кезде болады. Себебі, айдалып кеткен әкесі баласын іздеп табады. Әкесін көріп, мауқын басқан Рақымжан майданға аттанады. 42 күн дегенде Рақымжан отырған пойыз Мәскеу, Киев, Минскіні артта қалдырып, Варшаваның маңайындағы орманға келіп тоқтайды. Осы жерде оның әскери міндеті анықталады. Оны 674 полктің бірінші батольонына қарайтын 4-ші ротаның екінші взвод командирі етіп бекітеді.
Фрунзедегі жаттығу баланың ойынындай болып қалды. Қан майданда қарша бораған оқ пен қып-қызыл оттың ортасында адам өмірінің шыбын құрлы құны жоқ. Жауынгерлер қырылып, қан суша ағып жатыр. Бәрі көз алдында. Зеңбіректің дүрсілі, ұшақтың гүріліне де құлағы үйренді. Рақымжан Қошқарбаев Польша астанасының маңындағы ұрыста тұңғыш рет соғысқа кірді. Одан кейін шынайы демеу Вечвинзедегі ұрыстарда ерекше қайсарлығымен көзге түсіп, бірінші дәрежелі Отан соғысы орденін кеудесіне тағады.
«Рақымжан балалар үйінде өскен. Сондықтан, ол әскери өмірге кішкене ширақтау, пысығырақ болды»,- дейді Рақымжан Қошқарбаевтың майдандас досы Жанша Жанасов.
Жанша Жанасов Рақымжан Қошқарбаевпен бірге Фрунзеде оқып, майданға да бірге келген.
1946 жылдың 16 сәуірінде Рақымжан Қошқарбаев басқарған взводы бар капитан Твердахлев батальоны Гросной Индорф ауданындағы Одерге алғашқылардың бірі болып лап қояды.
20 сәуірде Рақымжан мен оның қаруластары Прецель елді-мекенін фашистерден тазартады. Келесі күні әлсірегеніне қарамастан, қазақ батыры басқарған взвод Берлин іргесіндегі Карф қаласын алады. Осы шайқаста жау оғы Рақымжан Қошқарбаевтың оң қабағын жырып өтеді. Басына жарақат түседі. Мұны көрген комбат Твердахлев «мұндай оқ өтпейтін баспен әлі 100 жасайсың» деп қалжыңдапты. Мұны естіген қарулас достары Қошқарбаевты «оқ өтпес» деп атап кетеді. Оқ өтпестігі оны жаудың жүрегі Рейхстагқа дейін ешбір жарақатсыз жеткізді, ту тіккізді.
«Берлиннің ең ортасы – Рейхстаг. Корольдік алаңда тұрған Рейхстагты алу керек болды. Оған келгенде немістер бар күшін салып, ештеңе аямай аспаннан да, артеллериямен де жуытпай қойды. Таятпайды, кіргізбейді. Бір нәрсе қылт етсе, атып түсіреді. Сонда бізге басқаратын бір офицерді дайындап, Рейхстагха жалаумен бару керек», — дейді Қошқарбаевтың майдандас досы Жанша Жанасов.
350 метр жер алыс болмағанымен, бірақ бұл Рақымжан үшін өміріндегі ең ұзақ, шегіне жеткізбейтін ауыр жол болды. Қасында қызыл әскер Григорий Болатов бар. Ал, тігер ту қойнында, мықтап байланған. Екеуі де жер бауырлап жылжыды. Корольдік алаң ашық жер болғандықтан, одан өту өте қиын болды. Жерден де, аспаннан да, қолдан да оқ атқылап жатты. Сонда жауынгерлер ретін тауып еңбектеп, әр жерді тасалап жетуге тырысты. Бірақ, көбі Рейхстагқа жете алмай көз жұмды. Тек қойнында тігу керек ту болған қазақ азаматы мен қызыл әскер жауынгері ғана аман жете алды.
Гиллер үйінен шыққан қос батырдың табаны Рейхстагқа 7 жарым сағаттың ішінде әрең тиеді. Қойнындағы ораулы туды Рақымжан Қошқарбаев суырып алып, шетіне өзінің және Болатовтың атын жазып қалдырады. Себебі, «өлім мен өмір арпалысқан тұста ішімізге жұтқан ауаның өзіне де ажал сіңіп кеткендей болды» деп еске алады батыр. Осылайша, қазақ батыры ең алғашқы болып, Рейхстаг қабырғасына қызыл туды қадайды.
«Сол кезде жақын жерде тұрған әскерлер «Ура, біздікілер Рейхстагқа жетіп қойыпты» деп жан-жақтан дап беріп, Рейхстагқа келіп құлатты. Осылайша, Рейхстагты алды. Сонымен, Рейхстаг 30 сәуірде 18:30-да кеңес әскерінің қолына көшті»,- дейді Қошқарбаевтың майдандас досы Жанша Жанасов.
Сөзсіз ерлік, сұп-сұр ғимаратта жарқыраған алқызыл туды ең алдымен 756-шы атқыштар полкі командирі Соколовский көреді. Оның қасында кабель катушкасын сүйреткен телефонист болатын. Майор қос батырдың аты-жөнін сұратып, рация арқылы штабқа хабарлайды. Бұл 1945 жылдың 30 сәуірі болатын. Қазақ батырының ерлігін сол кезде барлық майдан газеттері жарыса жазды.
2014 жылы КСРО Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатынан алынған құжаттардағы деректерге сүйене отырып, сол кездегі мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар «Егемен Қазақстан» газетінің 2014 жылғы 10 қазанындағы санында «Жаужүрек» мақаласын жариялайды. Онда еш жерде жарық көрмеген құнды құжат жарияланды. Ол құжаттарда «Лейтенант Қошқарбаев және Қызыл армия жауынгері Болатов 18: 30-да Рейхстагқа ту тікті»,- делінген.
Мұның барлығы Қошқарбаев ерлігін сөзсіз дәлелдейтін құнды құжаттар. Дегенмен де, бұл мұрағат материалдарында осы күнге дейін жан баласына берілмейтін құпия да сақталған. Қазақтан шыққан сарбазды батыр деп мойындағысы келмеді. Бертінге дейін Рейхстагқа туды Контария мен Егоров тікті деп тарихқа жазылып келді. Олардың ту тіккені рас. Бірақ, сәл кешірек.
«7-8 мамырда неміс әскерінің әлсірегені, Берлиннің тізе бүгетіні белгілі болғаннан кейін, соның бір көрінісін символикалық тұрғыдан көрсету керек болғанда Контария шыққан секілді»,- дейді мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Амангелді Қашқынбаев.
Осылайша, нағыз батырлар есімі санадан да, тарихтан да әдейілеп өшіріле берді. Дегенмен, Рақымжан батырмын деп кеуде соқпады. Ту тіккенін жария етіп, ешкімге айтпады. Соғыстан кейін ол елге, Ақмолаға оралды. Ал, соғыстан кейінгі ауыл өмірі жадау еді. Елдің бәрі жан бағудың қамымен жүрді. Сонда Рақымжан да бірден жұмысқа араласты. Сөйтіп, көп ұзамай Гүлжихан есімді бойжеткенді ұнатады. Рақымжан өте келбетті, батыр тұлғалы жігіт болғандықтан, қыз да ел мақтаған жігіттің етегінен ұстап, кете барды.
Үйлене салысымен ерлі-зайыптылар Мойынтөс теміржол құрылысына жұмысқа келеді. Саршаған станциясында тұрады. Онда жас отбасына үй береді. Жұмыс беріп жағдайлары түзеледі. Бірақ, бұл бақытты күндері ұзаққа бармайды. Аяғы ауыр Гүлжихан баланы босану үстінде көз жұмады. Ал, Рақымжан кішкентай шақалақпен жалғыз қалады. Ол ұл бала еді. Бірақ, сәбидің де күндері санаулы екен. Батырдың тұңғышы 6 айлық кезінде шетінеп кетті. Сонда өмірде көп қиындық көрген таудай тұлға бір сәтте шөгіп қалады. Тағдырына налиды. Меңзең күй кешеді.
Кейін Алматыда қалалық коммуналдық шаруашылық мекемесінде түрлі жұмыстар істеп, жаңа өмірін бастауға тырысады. Бұл жерде де өзін батырмын деп, еш бұлдамайды. Қарапайым жұмысшы болып жүреді. 1953 жылы соғысқа қатысқан запастағы офицерлердің барлығын жинап алып, орталық комитеттің әкімшілік бөлімі ерекше тапсырма береді. Яғни, олар Қытайға көшіп кеткен қандастарды елге қайтару процесін үйлестіретін болады. Мақсат – соғыстан әлсіреген жұмыс ресурсын жандандыру еді. Бұл іс Рақымжан Қошқарбаевтың көңілінен шығады. Ол бұл жұмысқа білек түрініп кіріседі. Жаркент қаласында қоныстандыру штабының жұмысын 3 жыл бойы өзі үйлестіріп, талай қытай асқан қаракөздердің елге оралып, орналасуына, құжаттарын реттеп жұмыс табуына жәрдемдеседі. Ал, осы уақытқа дейін оның батыр екенін жақындарынан басқа көп біле бермейді.
Рейхстагқа ту тіккен қазақ батыры атақ сұрамады. Бұхара халық та батырын білмеді. Бауыржан Момышұлы араласып, Рақымжан Қошқарбаев тағдырын жаңадан бастап бермегенде, бұл жағдай осылай жалғаса берер ме еді, кім білсін…
«Рақымжанның кім екенін білесің бе? Ол Рейхстагқа ту тіккен жігіт. Бүгін ол маған сәлем беруге келді. Рейхстагқа ту тігердегі соғыс – ол тозақ. Тозақ оты. Сол тозақта Рақымжан болып, одан аман шығып, Рейхстагтың қақ маңдайына жеңіс жалауын қадады»,- деді Бауыржан Момышұлы.
Сол күннен бастап Рақымжанның өмірбаяны отпен жазылды. Осылай деген батыр Бауыржан журналист Кәкімжан Қазыбаевқа мықтап тапсырма береді. Сол сәттен бастап зерттеулер басталып, алғашқы мақалалар да жарық көре бастайды. 1958 жылдың 21 ақпанында «Лениншіл жас» газетіне Рейхстагқа ту тіккен қазақ очеркі шығады. Бұны көрген ел дүр сілкінеді.
Бұл кезде Рақымжан Қошқарбаев Рәхила есімді бойжеткенді ұнатып, отбасын құрған еді. Олар екеуі де Ақмола облысының тумасы. Екеуі де соғыстан кейінгі жылдары Алматыда тұрған. Тіпті, екеуі көрші болған. Рәхила оқыған, ғылым жолын қуған қыз еді. Ал, Рақымжанның 9 сыныптық қана білімі болды. Рәхила – сабырkы, салмақты, көп сөйлемейтін, ал Рақымжан керісінше, отырған ортасын күлдіріп, өлең айтып, тойларды басқарып жүрген көпшіл, аңқылдаған азамат.
Батырды жоғары деңгейде таныту, мойындату процесін Бауыржан Момышұлы өз қадағалауына алады. Жеңістің 20 жылдығына орай, Қошқарбаевты кеңестер одағының батыры атағына ұсыну жұмысын бастайды. Бар қажетті материалды журналист Кәкімжан Қазыбаев жинақтап, тиісті жерге жеткізеді.
«Бірақ Мәскеу үндемейді. Неге десеңіз қимайды. Рақымжанды мойындады. Алайда, мойындап тұрса да ол атақты бермеді. Себебі, халық жауының баласы болғандықтан бермеген екен. Олардың бір сылтауы сол»,- дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың зайыбы Орынша Қарабалина-Қазыбаева.
Мәскеу мойындамаса да елі, қазағы оны батыр деп танып, біле бастайды. Батыр деп құрметтейді. Ал, Рақымжан Қошқарбаевтың жанында бірге жүріп, ту тіккен Григорий Болатовты өз отандастары мойындамады. Ақырында оны «Гришка Рейхстаг» деп келекете бастады. Мұндайды көтере алмаған Болатов өзіне қол жұмсауға дейін барады. Бірақ, ондай өлімнен оны ешкім арашалап алып қалмады. Дегенмен, одан кейін Григорий ел қатарлы өмір сүріп кете алмады. Ішкілікке салынып, ақырында жұмбақ өліммен көз жұмады.
Ал, Рақымжан Қошқарбаевты ел біліп, тіпті жан-жақтан арнайы іздеп келушілер көбейді. Бұл кезде ол қалалық моншаны басқаратын. Бауыржан Момышұлы Рақымжан Қошқарбаевты іздеушілер көбейген сайын қазақ батырының моншада жүргеніне ұялып, қызметін өсіру туралы мәселе көтереді. Сөйтіп, көп ұзамай қазақ батыры «Алматы» қонақүйінің директоры болып шыға келеді.
«Алматы қонақүйінің құрылысынан, сонау 1962 жылдан бастап менің атам осы істің басы-қасында болды. 1967 жылы ол зәулім ғимараттың тұңғыш директоры болды. Сөйтіп, 20 жылдан астам уақыт бойы осы жерді өзі басқарды», — дейді батырдың немересі Дәурен Қошқарбаев.
«Алматы» қонақүйіне ол жанын берді. Тазалықты, сұлулықты жақсы көретін ол жиһаз, ыдыстарына дейін өзі таңдап, қонақүйді барынша қолайлы, әрі көркем етуге тырысты. Ұжымды үйістіріп, қызметкерлерін де көтеріп отырды.
«Менің балалық шағым Алматыдағы Достық көшесі, 42 үйде өтті. Менің атамның осы жерде тұрғандығы жайлы мемориалды тақта орнатылған. Атам 1988 жылы дүниеден озды. Ал, мен бір жылдан кейін, 1989 жылы дүниеге келдім. Мен кішкентай кезімде атамның қандай ерлік жасағанын толық түсінбесем де, батыр атаммен мақтанатынмын»,- дейді батырдың немересі.
Ол қонақүйді басқарып қана қоймай, сол жерде тұрақтаған өнер адамдарының жоғын жоқтады. Кез-келген мұқтаж жанға шапағатын тигізді. Өмірі тыныш осылай өтіп жатты. Ал, Бауыржан Момышұлының бастамасымен Кәкімжан Қазыбаев, одан Жанболат Ауыппаевтар батырға тиісті атақты алып беру мақсатында тоқтаусыз еңбек етіп, материалдар жинақтап, билікке жеткізіп отырды. Жеңістің 25, 30, 35, 40 жылдығына Мәскеуге қайта-қайта өтініш жазды. Бірақ, жазылған хат қараусыз, айтылған сөз жауапсыз қала берді. Бұл процеске тоқтауды Брежнев қойды. Алматыға сапарлап келген Брежневке қалың жұртшылықтың өтінішін Қонаев жеткізген еді.
«Қонаев өз аузымен Қошқарбаевты айтты. Қонаевтың аузымен Рейхстагқа ту тіккен Қошқарбаевтың атағы жоқ екендігі, Бауыржан Момышұлының атағы жоқ екендігі айтылды. Бірақ, Брежнев тарихты қайтадан қарамайық деді»,- дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың зайыбы Орынша Қарабалина-Қазыбаева.
Дегенмен, Кәкімжан Қазыбаев зерттеуін тоқтатпады. Ол күндердің күнінде батыр тиісті деңгейде мойындаларына сенді. Бірақ, осы атақты Рақымжан Қошқарбаев көзі тірісінде алмады. Ол 64 жасында, 1988 жылы дүниеден өтеді. Мұның алдында ол Кәкімжан Қазыбаевқа өзін көзі тірісінде саясында жүрген Бауыржан Момышұлының қасына жерлеуін өтінеді. Бүгінде қос батыр қатар жатыр.
Бір жылдан соң, Рақымжан Қошқарбаев өмірін зерттеген Кәкімжан Қазыбаев та дүниеден өтеді. Бірақ, дәмі таусыларын сезі ме, ол 7 ай бұрын шәкірті Жанболат Ауыппаевқа бар жиған архив материалдарын табыстайды. Бұған дейін де батырдың өміріне қанық Жанболат Ауыппаев үлкен аманатты арқалап, алып қалды.
Ауыппаев реті келгенде Қошқарбаев туралы мақалалар жазып, халықтың пікірін оята береді. Ал, газеттің 1999 жылғы санында «Халық ала алмаған қамал» деп, көлемді мақала береді. Халық қайта дүр ете түседі. Жан-жақтан хаттар ағылады. Бәрі әділеттің орнауын талап етеді. Ел тәуелсіздігін алған кез. Сол кездегі мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев Ауыппаевтан Қошқарбаев туралы бар материалдарды сұратады. Бұл кезде қазақ батырын Халық қаһарманы атағына ұсынып жатқан болатын.
Көп ұзамай, ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Рақымжан Қошқарбаевқа Халық қаһарманы атағын беру туралы жарлығы жарияланды. Бұл ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Қазақ батырының ерлігі осылайша ұлықталды.
Бүгінгі таңда Рақымжан Қошқарбаевқа қатысты мұрағат құжаттары ашылып, Берлин операциясы туралы толыққанды ақпарат тарих беттерін толықтыра бастады. Қошқарбаев есімі көше, мектеп, ауылдарға беріле бастады. Ал Нұр-Сұлтанның орталық көшелерінің біріне батырдың есімі берілді.
stan.kz