Референдум қорытындысы: ел келешегін айқындаған күн қалай өтті
Сонымен, бір жыл бойы халық талқысында болған АЭС құрылысы бойынша референдум да өтті. Бұл референдум 2024 жылдың ғана емес, Қазақстан тарихында ерекшеленіп қалатыны даусыз. 6 қазанда 7,8 миллионнан астам қазақстандық ел келешегін айқындайтын іс-шарада дауыс беруге қатысты. Бұл – дауыс беруге құқылы азаматтардың 63,87 пайызы. Референдум қалай өтті, қорытындысы не болды? Kazinform тілшісі осы жағына шолу жасап көрді.
Қай өңірлер белсенді болды?
Ең алдымен, елеулі күнде өңірлердің белсенділігі қалай болғанын айтпай кетуге болмас. Орталық референдум комиссиясының дерегінше, дауыс беруде Алматы қаласының халқы бәсең болған – қала тұрғындарының тек 25,39 пайызы таңдау жасапты. Ал ең белсенді болған өңір — Қызылорда облысы – 82,48 пайыз. Бұл республика бойынша рекордты көрсеткіш саналады.
Осы тұста шетелдегі қазақстандықтар да белсенді болып, елшіліктер жанынан ашылған учаскелерде дауыс бергенін тілге тиек ете кетейік.
Әрине, референдум кезінде қызықты жайттар тіркелмеді емес. Мәселен, біреулер учаскеге үй киімімен келе салса, енді біреулер дауыс берушілерге арнап ерекше өнерін көрсетіп жатты.
Айтпақшы, бұл референдум ел тарихындағы ең ерекшесі болғанын айта кету керек. Себебі, алғашқы үшеуі саяси мәселелерге бағытталған болса, бұл жолғысы халықтың өз болашағын шешеуге бағытталған жолы іспетті көрініс тапты.
Президенттің дауыс беруі мен пайымы
Бүкіл ел аумағында сайлау учаскелері сағат 07:00-де (тек әскери бөлімдер, вахталық кенттер, ауысыммен жұмыс істейтін мекемелерде — 06:00) жұмыс істей бастады. Алғашқылардың бірі болып билік өкілдері дауыс беріп жатты. Олардың арасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де болғанын білеміз.
Дауыс беруден кейін Мемлекет басшысы БАҚ үшін арнаулы брифинг өткізіп, референдум нәтижелеріне қатысты ойларын да айтты.
– Осы күн тарихқа енетіні сөзсіз. Біздің азаматтар атом электр станциясына қатысты шешім қабылдауы керек. Референдум – тікелей демократияның механизмі. Халық қандай шешім қабылдаса да, мемлекет оның еркіне бағынады. Дұрыс шешім қабылданатынына сенімдімін. Сондықтан мен референдум өткізуді қолдадым, – деді Президент.
Қоғамдық тәртіп
Екі оқиғаны айтпағанда қазақстандықтар референдум кезінде заң бұзбағанын аңғарамыз. Айтылып отырған екі оқиға — заңсыз үгіт-насихат және қоғамдық сауалнама жүргізу. Кінәлілер айыбын толық мойындаған. Себебі, мұндай маңызды күнде азаматтардың шешімін өзгертуге бағытталған іс-қимылдар болмауы керек.
Жалпы алғанда, Ішкі істер министрлігі 10 мың учаскеде қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берілмегенін ресми мәлімдеді. Демек, қоғамдық тәртіп толық сақталды деуге негіз бар.
Референдумға қандай баға беріледі?
Негізі дауыс беруге хақылы азаматтардың 50 пайыздан астамы референдумға қатысса, заң жүзінде өтті деп есептеледі. АЭС референдумы 6 қазанда сағат 14.00-де ресми түрде «өтті» деп мойындалды. Өйткені, осы уақытта жалпы халықтың 51,77%-ы АЭС құрылысы бойынша референдумда өз таңдауын жасап үлгерген.
Шешім қандай болмақ?
6 қазаннан 7 қазанға ауған түні ақырындап экзит-полдың алғашқы деректері шыға бастады. Алдымен елде 3 әлеуметтік құрылым сауалнама жүргізгенін айта кетейік.
«СОЦИС-А» әлеуметтік қызметінің алғашқы деректеріне сенсек, әлеуметтанушылар күні бойы арнайы әдістемеге сәйкес дауыс беру учаскілерінен шыққан азаматтар арасында сауалнама жүргізді. Барлығы 188 учаскеде 283 мыңнан астам адамнан сұхбат алған. Олардың деректері бойынша, АЭС құрылысына қатысты сұралғандардың 69,8 пайызы өзгерісті қолдаған. 30 пайыздан астамы жоқ деп жауап беріпті.
Қоғамдық саясат институты 300 учаскеде 44 мың адамға сауалнама жүргізген. Сауалнамаға қатысқандардың 72 пайызы атом электр станциясының құрылысын қолдаса, қалғандары қарсы болыпты.
Үшінші экзит-полды Еуразиялық интеграция институтының әлеуметтанушылары жүргізді. Жалпы, әлеуметтанушылар 250 учаскеде 30 мыңнан астам респонденттерден сұхбат алды. Институттың мәліметі бойынша, сауалнамаға қатысқандардың 71,8 пайызы қолдау көрсеткен. 28,20 пайызы қарсы шыққан. Айырмашылық 1 пайыз шегінде ғана.
Осы тұста Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Айдос Сарым референдум қорытындысы бойынша ойын айта кетті.
– Менің шағын талдауым бойынша, экзит-полл нәтижелері жарияланғаннан кейін біз мынаны айта аламыз: біріншіден, референдум ресми түрде өтті. Екіншіден, қазақстандықтардың көпшілігі, дәлірек айтсақ, дауыс беру үшін учаскелерге келген ел азаматтарының шамамен 70 пайызы (немесе одан да көп) АЭС салу туралы бастаманы қолдады. Көктем мен жазда мен АЭС жақтаушыларының баяу, бірақ сенімді түрде өсіп жатқанын көрсететін сауалнама деректерін көрдім. Демек, бұл науқанға біз қолдаушылардың 50 пайыздан асатынын біліп бардық. 6 партия мен республикалық қозғалыстардың көпшілігі, жүздеген үкіметтік емес ұйымдар кіретін Республикалық штаб құрылғаннан кейін, бір айдан астам уақыт ішінде орасан зор жұмыс атқарылды. Елді аралап шықтық. Облыстық және аудандық штабтар барлық ресурсты жұмылдырып, барлық желіні тартып, жұмылдырды. Үгіт-насихат кезеңінде АЭС құрылысын жақтайтындар біршама көбейгені байқалды, – дейді ол.
Түйіндей келгенде, біздің болжауымыз бойынша, АЭС референдумы халық тарапынан қолдау тапқаны анық. Ендігі мәселе, құрылысты кім жүргізетінінде. Бұл сұраққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жауап та берді. Үкімет алдағы уақытта бұл мәселені саралап, шешімін шығарады. Президент Қазақстанда ең озық технологияларға ие әлемдік компаниялардан тұратын халықаралық консорциум жұмыс істеуі тиістігін айтты. Осылайша, Қазақстан өз тарихында маңызды кезеңдердің біріне жол қалады деп айтуға толық негіз бар.