«Реал» өз алаңында ұтылып, Чемпиондар лигасынан шығып қалды
Екінші жұпта «Тоттенхэм» дортмундтық «Боруссияны» тізе бүктірді.
Чемпиондар лигасының 1/8 финалында қарымта кездесулер ойналды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мадридтің «Реалы» өз алаңында Голландияның «Аяксынан» ұтылды – 1:4. 7-ші минутта «Аякс» сапынан Хаким Зиеш, 18-ші минутта Давид Нерес, ал 62-ші минутта Душан Тадич доп соқты.
Доп айырмасын 70-ші минутта Маркос Асенсио қысқартса, 72-ші минутта Ласло Шене «Реал» қақпасына төртінші допты «тығып» кетті. Ойын соңында алаң иелері сапынан Начо қызыл қағаз алды.
Амстердамдағы алғашқы ойын 2:1 есебімен «Реалдың» пайдасына шешілген болатын. Енді екі кездесудің қорытындысы бойынша 5:3 есебімен «Аякс» жарысты жалғастырады.
Екінші жұпта немістің «Боруссиясы» Дортмундта ағылшынның «Тоттенхэмінен» ұтылды – 0:1. Жеңіс добын 48-ші минутта Харри Кейн соқты.
Бірінші ойында «Тоттенхэм» өз алаңында «Боруссияны» 3:0 есебімен тұқыртып тастаған болатын. Жалпы есеп 4:0, ¼ финалға «Тоттенхэм» шықты.
Бүгін түнде «Порту» «Романы» қабылдайды (алғашқы кездесу – 1:2), ал ПСЖ «Манчестер Юнайтедпен» кездеседі (2:0).
Қалған төрт жұптың ойындары келесі аптада өтеді.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
[ad_2]
Zakon.kz