«Реал» әлемнің үздік футболшысын сататын болды

0

Мадридтік «Реал» жартылай қорғаушы Лука Модричті трансферге шығармақ. Хорватиялық футболшының келесі клубы миландық «Интер» болуы мүмкін.

Мадридтік клуб басшылығы Модричті жіберіп, оның орнына «интерлік» қорғаушы Милан Шкриньяр мен шабуылшы Мауро Икардиді алғысы келеді. Сондай-ақ «Реал» бұл сатылымды іске асыру үшін «Интерге» Даниэл Себальосты да қосып беріп, қосымша 25 миллион еуро төлеуге дайын.

«Интер» жазда да Модричті қатарларына қосқысы келген. Алайда италиялық клуб «Реалмен» келісімге келе алмады.

Еске салсақ, Модрич «Реалға» 2012 жылы «Тоттенхэмнен» ауысып келді. Биыл 33 жастағы футболшы Хорватия құрамасымен Әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Ол сондай-ақ биыл үшінші рет қатарынан «Реалмен» Чемпиондар лигасын да жеңіп алған. Биылғы маусымда ол Испания чемпионатында 2 голдық пас беріп, жалпы саны 16 матчта ойнады.

Сонымен қатар ФИФА-ның «Жылдың үздік футболшысы» және «Еуропаның үздік футболшысы» атағын жеңіп алды. Жыл соңында France Football журналының «Алтын доп» сыйлығын да иеленіп, 10 жыл бойы жалғасқан Роналду мен Месси гегемониясын бұзған болатын.

Абай Аймағамбет

Дереккөз: Айқын