Рамазанда қайырымдылық жасап жүрген қор жетекшісі: 12 тонна тамақ тараттық

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Қайырымдылық қоры мұқтаж жандарға 10 күнде 5 миллион теңгенің азық-түлігін таратқан

НҰР-СҰЛТАН, 23 мамыр – Sputnik, Дәурен Ерболат. «Шапағат» қайырымдылық қорының жетекшісі Назгүл Мағжан Sputnik Қазақстан тілшісіне қасиетті Рамазан айында адамдарға қалай көмектесіп жатқанын және нені армандайтынын айтып берді.

Назгүл Мағжан «Шапағат» қайырымдылық қорын 2016 жылдың жазында құрған.

«Елордада «Шапағат» қайырымдылық қорын ашып, 15 отбасыға көмек көрсетеміз деген ниетпен жұмысымызды бастадық. Алғашында киілген киім-кешектерді жуып, оны мұқтаж адамдарға таратып жүрдік. Қарапайым азаматтар да, кәсіпкерлер де қордың жұмыс істеуіне септігін тигізді. Бүгінде қордың 15 өңірде бөлімі бар. 3 жылдың ішінде 10 мыңға жуық адамға көмектестік», — дейді қор жетекшісі.

«10 күнде 12 тонна азық-түлік тараттық»

Ол Рамазан айында «Ақниет» қайырымдылық акциясын қолға алғанын атап өтті.

«Акцияны 8 мамырда бастадық. Шара аясында «Маржан» бизнес орталығында дүйсенбіден жұмаға дейін сағат түскі 14:00-ден кешкі 17:30-ға дейін тегін азық-түлік таратамыз. Оның құрамына 2 келі күріш, 2 келі қарақұмық, 2 келі қант, 2 литр күнбағыс майы, консерв банкісі кіреді. 10 күнде 5 миллион теңгеге 12 тоннаның азық-түлігін тараттық. Ол 980 пакет болды. Қаражатты жинауға кәсіпкерлер, қарапайым тұрғындар қолғабыс етті. Акция 4 маусымда аяқталады», — дейді Назгүл Мағжан.

Әңгіме барысында қор жетекшісі оқушылардың жазғы демалысына орай тұрмысы төмен отбасылардың балаларына арнап жазғы лагерь ұйымдастыру жоспарда бар екенін жеткізді.

Қайырымдылық қоры сондай-ақ адамдарға заңгерлік көмек көрсетіп, соңғы уақытта әйелдерге кәсіптің көзін табуды үйрете бастаған. Қорға көбінесе әйел адамдар көп көмек сұрап келеді екен.

Футболкасы денесіне жабысып жанған

«Бір күні маған «Назгүл ханым, кешіріңіз, ұлыма 2 литр сүт алып бере аласыз ба?» деп жалғызбасты әйел хабарласты. Мен келісім бердім. Ертеңінде ол үйге көмекшім барып, сүтті апарып берді. Бірақ көмекшім маған жылап келіп, бірден бұл отбасыға көмектесейікші деді. Сөйтсем, 2 литр сүтті анасы ұлына беру үшін сұрапты. Баласының денесі күйіп қалған. Денесінің қышығанын, ауырғанын басу үшін сүт ішеді екен», — дейді қор жетекшісі.

Ол бұл баланың анасымен кездескенін, оған көмек беру үшін жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Кейін мен бұл отбасымен кездестім. Осыдан бір жыл бұрын анасы жұмыста болғанда үйде 9 жастағы ұлы мен 2,5 жастағы қызы қалыпты. Үйде жарық өшіп қалған болса керек, бала сіріңке жаққан. Абайсызда футболкасы өртеніп, белінен бетіне дейін күйіп қалған. Тіпті футболкасы денесіне жабысып жанған. Баланың жағдайын көрген кез келген адамның жүрегі ауырады. Бала дұрыс ұйықтай алмайды. Жан сақтау бөлімінде 8 күн жатыпты», — дейді Назгүл Мағжан.

Оның айтуынша, қазір балаға операция жасату үшін 38 мың доллар қаражат қажет.

«Баланың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік бар. Оған «Интегра» деген операция жасау қажет. Онда адамға жасанды тері салынады. Бірақ 5,5 см терісінің бағасы – 100 доллар тұрады. Дәрігерлер баланың денесіне 38 мың доллар тұратын жасанды тері салу керек дейді. Қазіргі таңда тиісті мемлекеттік органмен бірігіп, балаға тегін операция жасату амалдарын қарастырып жатырмыз. Әлемде мұндай операция жасай алатын санаулы ғана маман бар», — дейді қор жетекшісі.

Сондай-ақ ол 20 маусынан 11 шілдеге дейін баланың Алакөлде тегін ем қабылдайтынын атап өтті.

«Қайырымдылық қорлары болмаса екен»

Назгүл Мағжан әңгіме арасында қандай арманы бар екенін айтып берді.

«Осындай қайырымдылық қорлары болмаса, адамдар қол жайып жүрмесе екен деп армандаймын. Кейбір адамдар қайырымдылық қорлары болғаны жақсы деп жатады.  Бірақ мен оған қарсымын. Себебі, мұндай қорлардың болғаны тұрмыс жағдайының нашарлағанын көрсетеді. Елімізде мұқтаж адамдардың саны азайса екен», — деп түйіндеді сөзін «Шапағат» қайырымдылық қорының жетекшісі.



sputniknews.kz