Рамазан айында тұрмысы төмен отбасыларға көрсетілетін көмек туралы Алматыдағы мешіт имамы айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Ертең Ислам әлемі үшін қасиетті, берекеге толы, он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айы басталды. Биыл қасиетті ай әлемдік пандемия мен соған байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдайға тұспа-тұс келгеннен кейін Stan.kz тілшісі Алматы орталық мешітінің наиб-имамы Ермек Көкірекбаевқа хабарласып, жыл сайын өткізілетін қайырымдылық шаралары мен жағдайы төмен азаматтар көмек қалай көрсетілетіні туралы білген еді. Мешіт өкілі Рамазан айындағы қайырымдылық шаралары міндетті түрде жүргізілетінін, оған қоса бір отбасын баспаналы ету жоспарланып отырғанын жеткізді. 

мешіт

«Биыл бас мүфтиіміз Нұр-Сұлтан қаласынан «Жүрек жылу» деген қайырымдылық акция бастады. Сол бастама бүкіл република бойынша жүзе асып жатыр. Акция аясында карантинге байланысты жұмыссыз қалған отбасыларыға азық-түлік тараттық. Жалпы есептегенде 1000-ға жуық отбасы үшін 26 тонна азық-түлік алдық», — деді мешіттің наиб-имамы. 

Ермек Көкірекбаев  Рамазан айына байланысты мешіт тарапынан көмектің болатынын жеткізді.

«ТЖ байланысты мемлекет рұқсат берген «Adal» асханасымен келісімшартқа отырдық. Үйінде ауыз ашатын, тұрмысы нашар отбасыларға тегін тамақ және бір айға жететін азық-түлік таратамыз деп ниеттеніп отырмыз. Бұл Алматы қаласындағы Орталық мешіттің басшылығы ұсынып отырған бастама», — деген наиб-имам әзірше 400 отбасына көмек қолын созуды жоспарлап отырғандарын айтты. 

Оның айтуынша, Орталық мешіт ұжымы екі жылдан бері қарт кісілер мен жағдайы нашар, ауру адамдарды үш мезгіл тегін тамақтандырып келген. Бірақ карантинге байланысты оны жауып тастаған. Оған қарамай, мешіт басшылығы Glovo, Wolt т.б. жеткізу қызметтерін және еріктілерді пайдаланып, азық-түлікті мұқтаж адамдардың үйіне апарып жатқандарын тілге тиек етті. Сондай-ақ тағы бір айта кететіні, Алматыдағы көпбалалы, тұрмысы нашар бір отбасын демеушілердің көмегі болса, бірлесе отырып баспаналы етіп, қуантсақ деген ниет бар екенін жеткізді. 

Көмекке мұқтаж отбасыларды қалай таңдайтынын сұрағанымызда: 

«Мешіт жанында «Ықылас» қайырымдылық қоры жұмыс істейді. Сол қорда бүкіл көмекке зәру адамдардың тізімі бар. Оның ішінде кедей-кепшік, пақыр, жетім-жесір, соқыр-мылқау сынды нешетүрлі тағдырдың ауыртпалығын көрген адамдар бар», — деген наиб-имам осындай ауыр кезеңде бұл да бір мешіт тарапынан көрсетілген демеу екенін айтады. Сондай-ақ халықты сабырға шақырып, қуанышты күндердің алда екенін, Рамазан айында тілеген барша дұға-тілектің қабыл болатынын, бір Алладан рахым-шапағат тілеуді сұрады.  

 

 

 

stan.kz