Райымбек батырдың өмірбаяны
Көріпкел, әулие Райымбек батыр 1705 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданында дүниеге келген. Албанның ішіндегі Алжан руының Сырымбет тармағынан тарайды. Атақты көкжал Хангелді батырдың немересі.
Хангелді XVIII ғасырдың І жартысында жоңғарларға қарсы күресте аты шыққан. Оны 1733 жылы Төле мен Қодар билер, Сатай мен Бөлек батырлар ақылдаса келе, Ұлы жүз атынан орыс патшайымы Анна Иоановнаға елші етіп жіберген. Міне, осындай атақты атасынан сабақ алған Райымбек 17 жасында садақ атуға, қылыштасуға, күресуге әбден машықтанған жас сарбаз болады.
15 жастан ол жоңғарларға қарсы жорықтарға қатыса бастайды. Өзінің күреске толы өмірінің 33 жылын соғысқа арнап, 77 рет ауыр жарақат алған. Райымбек жасағының ерлігі қазақ тарихындағы бірде-бір батырдың ерлігіне ұқсамайтыны тарихшылар тарапынан көп айтылады. Оны көбіне қазақтың Робин Гудына балайды.
Тағы оқыңыз: Әбілхан Қастеев туралы не білеміз?
Ешбір дұшпанына бой алдыртпайтын Райымбек туралы аңыз көп. Оны қазаққа қиын кезде жіберген Алланың ерекше адамы – әулиеге де балайды. Өйткені ол ешбір дұшпанынан жеңіліп көрмеген. Барлық жорықтан, соғыстан аман келген көзсіз батыр. Тіпті, оның қарсылас дұшпанының көзін байлайтын ерекше қасиеті болған деген де сөз бар ел арасында. Осындай тылсым қасиеттің Алматы қаласының ортасындағы зиратында да байқалыпты.
БЕЙІТ
Райымбек көшесінің бұрын бос жатқан жерлердің бірінде кішігірім төбешік болыпты. Ол батырдың жатқан жері екен. Аңызға сенсек, батыр «өлген соң, менің денемді түйенің үстіне салыңдар, түйе қай жерге шөксе, сол араға жерлеңдер» деген екен. Түйе осы жерге шөккен. Бірақ қала басшылығы мұндағы төбешіктерді трактормен тегістеп, құрылыс жүргізуді жоспарлайды.
Құрылыс бригадасы келеді. Мұны байқаған қариялар оларға жақындап келіп: «Мына тұрған төбеге тиіспеңдер! Бұл ұлы Райымбек батырдың тыныштық тапқан жері. Оны қопарсаңдар, үлкен күнәға батасыңдар!» — деп ескертіпті. Жұмысшылар үлкен кісілердің бұл өтінішін басшылыққа жеткізгенімен, олар құлақ аспаған. Амалсыздан жұмысшылар жерді тегістеуге кіріседі.
Алайда көлік Райымбек батыр жатқан төмпешікке келген тұста өшіп қалады. Кері бағытқа көлік еш кедергісіз жүреді, ал қайтадан бейітке бұрып, жүруге оқталса техника тағы да өшіп қалады. Осылай бірнеше мәрте қайталанады. Ақыры ол жер «қасиетті мекен» деп мойындалып, ол жерде нысан салуға ешбір басшының жүрегі дауаламапты.
ҚАСИЕТТІ БҰЛАҚ
Кегенге бара жатқандағы жол есіңде ме? Таулардың арғы бетінен кең жазық шықпай ма? Көкпек жазығы деп едім ғой. Сол жазықтың түстігінде Торайғыр деген тау бар. Бір ұрттам суы жоқ тау болатын. Ал, жазықтың солтүстігінде сулы, шұрайлы бұғыты тауы бар. Сол замандарда Бұғыты тауын иемденіп алған қалмақтар Райымбек батырдың сарбаздарын шөлге қарай ығыстыра береді.
Бір жұтым суға зарығып, қаталап қалған сарбаздарын алып қалу керек қой. Сонда Райымбек батыр қырыққа таяған екен. Ол «су шығады-ау» деп болжаған жеріне найза қадайды, сол тұстан бүлкілдеп бұлақ шығады.
Тағы оқыңыз: Қазақ киносының саңлағы — Шәкен Айманов
Күні бүгінге дейін жұрт «Найзасын жерге қадағанда бұлақ шықты» деп айтып, жыр қылып айтып жүргені осы. Қазір сол бұлақ киелі бастау саналады. Өзіміз барып, арнайы тоқтап, су ішіп қайтатын жердің сыры осындай.
Райымбек тек жауына найзасын сілтеген батыр ғана емес, елінің қамын ойлап, көшпелі халқын отырықшылыққа баулыған ер. Oл Aлматы облысының кей өңірлерінде қазылған тоған арқылы егін суарудың тәсілдерін тауып, халқына егіншілікпен айналысудың жолдарын көрсеткен.
БАЛА РАЙЫМБЕК
Кішкентай Райымбек екі жаста болғанда өрмелеген жылан аузына кіріпті. Сол кезде бала оның басын тістеп жұлып алып, лақтырып жіберіпті. Осы кезден-ақ баланың батыр болатыны болжанған. Расында, ол атасына еріп, соғыс тәсілдерін меңгерген тапқыр бала болып шығады.
Райымбек жеті жасқа келгенде нағашы атасы бір көк тайды және оған қоса садақ, айбалта, қылыш және найза мен сауыт даярлап алып келіп: «Мынау жиенімнің жігіт болған кезде киер жорық жарағы», — деп атасы Хангелді батырға тапсырады. Тайды көрген Райымбек оны бірден өзіне меншіктеп, жорық жолына өзімен бірге даярлайды және оған «Көкойнақ» деп ат қояды.
Осылайша, Райымбек бала кезден-ақ жоңғарларға қарсы жорықтарға қатыса бастайды. Шайқас барысындағы оның негізгі ұстанымы аз шығынмен жеңіске жету болған екен, мұны қаруластары бірден байқаған.
Тағы оқыңыз: Мағжан Жұмабаев туралы қызықты деректер
Мысалы, Наурызбай батыр бастаған қазақтың қолы Жетісудың оңтүстігінде қалмақтарға соңғы соққысын береді. Оған Райымбектің атасы — Хангелді батыр бастаған көптеген албан батырлары қатысады. Осыны естіп алған бала атасының соңынан қуып, Іленің бойына жетеді. Қараса, бір топ әскер өзеннен өте алмай тұр екен. Өйткені кесек-кесек мұз жүріп, адамның атпен бірге батып кету қаупі зор болған. Сол кезде бала Райымбек: «Рұқсат болса, сіздерді мына жерден өткізіп жіберейін…» — дейді.
Сөйтіп, өзіне 40 жігіт, қамыс оратын орақ, ұзын қыл арқан сұрайды. Жас баланың сұраған керек-жарағын олар береді. Жігіттерге қамысты шапқызып, оны ұзыннан-ұзын буып, қамыс белдеу жасайды. Арқанның бір ұшын қолына алып, Көкмойнағына мініп: «Мен арқанды әрі қарай алып өткенде, сіздер қамысты жылжыта итеріп отырыңыздар»,- дейді.
Райымбек қамысты тартып отырса, олар жер жағынан итере отырып, Іленің арғы бетіне шығады. Өзеннің жағасындағы жуан ағашқа апарып, қамыс белдеудің ұшын мықтап байлайды. Қайтадан өтіп, екінші шетін байлайды. Сол кезде қамыс белдеу Іленің бетінде көлденең жатады. Оны «күзер« деп атайды.
Қамыс белдеуге келіп тірелген сең мұздар бір-бірімен жабысып, қабысып, тұтас мұз бола бастайды. Түнгі суықтан қатқан мұз, ертесіне даяр өткел болып шыға келеді. Хангелді бастаған батырлар Іленің арғы бетіне сол мұзбен өтіп кетеді. Барлығы баланың тапқырлығына таң қалады.
ОЙРАНТӨБЕДЕГІ ОЙРАН
Көкойнағына мініп ойқастап, атойлап дұшпанына қарсы шапқан Райымбектің Ойрантөбедегі шайқасы тарихта ерекше аңыз болып қалған. Бұл айқас қазіргі Алматы қаласынан Нарынқолға қарай 160 шақырым жерде болған. Осы Ойрантөбеде Райымбек қалмақтың «мен» деген батырларын кезек-кезек жекпе-жекке шақырып, шетінен бірін қалдырмай қырып тастайды.
Осылайша, ол Түргенді, Сөгетіні, Ойрантөбені және Жалағашты дұшпандардан босатады. Сол кезде алды-артына қарамай қашқан қалмақтардың:
Ойрантөбе ойылды,
Секер, Барақ жойылды.
Райымбек келді де,
Алмадай үзді мойынды, – деп зарлайтыны, міне, осы тұс еді.
Батырдың бұдан кейінгі жорығы Жіңішкені, Таушілікті, Қарабұлақты, үш Меркіні, Кеңсуді, Қарқараны азат етуге арналды.
НАЙМАНДАРҒА КӨМЕК
Райымбек батырдың тағы бір үлкен жорығы — Орта жүз еліне көмекке баруы. Қабанбай батырдан оралған шапқыншы Тарбағатай мен Шәуешек арасын жауып, өзара қатынасуға мүмкіндік бермеу туралы ұсынысын әкелгеннен кейін Райымбек батыр бірден атқа мінеді.
Батыр бабамыз 1729 жылы белгілі Аңырақай шайқасында Наурызбай, Қабанбай, Бөгенбай, Өтеген сынды қазақтың әйгілі батырларымен бас қосып, Сары Мыңжаның әскерін талқандайды.
Одан соң батыр Сарытау, Үйгентасты азат етуге атсалысып, Ілені бойлаған күйі Қорғаспен бері қайтады.
КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН СИҚЫРЛЫ АДАМ
Райымбек өте жүректі адам болған. Өйткені ол үнемі жаудың ортасына күні бұрын кіріп алып, солармен араласып жүріп соғысқан. Қасына қалмақ тілін білетін батырды іріктеп алады екен де, бәрін қалмақша киіндіріп, қалмақша қару-жарақ асындырып, жауының ортасына қалмақ боп кіріп кетеді екен. Ал негізгі қолын жақын маңайға жасырып қойып, іштен өзі соғыс ашқан кезде олар да сырттан «Райымбектеп» лап қоятын болған.
Іші де, сырты да — бәрі «Райымбек» деп кеткен кезде, қай жақтан сақтанарын да, қазақтардың қай жақтан шыға келгенін де білмей, қалмақтар қатты сасқан. Сасқан қалмақ, сөз жоқ, бас сауғалап қашады. Ал «қашқан жауға — қатын ер» деген, қазақтар қуа жүріп қырады.
Осыдан барып: «Райымбек деген көзге көрінбейді екен, оның қайдан шыға келгенін ешкім көрмейді де, білмейді де. Аты да көрінбейді, ұшады екен. Аяқ астынан шыға келеді екен» дегенді бірінен-бірі естіген қалмақтар «Райымбек!» деген ұран естілгеннен-ақ зәрелері ұша бастайтын болған.
Тіпті олар «Райымбек!» деп айқайлаған адам өлмей қалады екен дегенге сеніп, қазақтар лап қойғанда, өздері де «Райымбек!» деп ұрандап қоя беретін болған. Ақырында «Райымбек!» деп ұрандап жүргендердің қайсысы қазақ, қайсысы қалмақ екенін ажырата да алмайтын болған.
Бұл — ертегі де, аңыз да емес, тарихи шындық. Жүректі жауынгерлердің батырлығы мен айласынан туындаған таңғажайып жағдай. «Райымбек әулие екен» деп тараған сөздің төркіні осында жатыр.
Ол кісінің, атасы Хангелдінің де көріпкелділігі туралы Қазыбек бек жазған. Аздаған болжағыштық қасиет ұрпағы Мұқағалидан да байқалған.
Райымбек батыр туралы зерттелмеген аңыз көп. Мәселен, соның бірі ағып жатқан өзеннің өзі тоқтап, екіге қақ айырылып Райымбектің қолына жол ашты деген аңыз.
Райымбектің тағы бір жұртты өзіне табындырған қасиеттері — әділдігі мен дүниеге қызықпайтын тазалығы. Сол кездің дәстүрі бойынша, жауды жеңгеннен кейін одан түскен олжаны бөлісу керек-ті. Сондай кезде Райымбек батыр өзі еш нәрсе алмай, өзіне тиесі үлесті кембағалдарға түгелдей бөліп беріп отырған.
Ол қалмақтармен тек соғысып қана қоймай, сан рет келісім жасап, қазақ мүддесін үнемі үстем етіп отырған. Көреген мәмілегер, өз заманына сай саясаткер болғаны ерлігі мен істерінен әрдайым көрініп тұрады.
sputniknews.kz