Рахат Тұрлыхановқа қатысты апелляциялық сот үкімі шықты
Әйелін соққыға жыққан Рахат Тұрлыхановқа қатысты апелляциялық сот үкімі шықты.
Сот барысында Тұрлыханов судьядан БАҚ өкілдерін сот залынан шығарып жіберуді өтінген.
«Құрметті сот, мен сот отырысына журналистердің қатысуына қарсымын. Егер мүмкіндік болса, оларды шығарып жіберуіңізді сұраймын», — деді Рахат Тұрлыханов.
Судья айыпталушының өтінішін мақұлдап, сотты жабық режимде өткізу туралы шешім қабылдады.
Еске сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Рахат Тұрлыханов әйелін бірнеше рет соққыға жыққаны үшін айыпталып, сот әкімшілік ескерту жасаған болатын.
Дегенмен 10 қаңтарда сотқа істі қайта қарау жөнінде апелляциялық шағым түскен.
Осыған сәйкес, Алматы қалалық сот үкімі бойынша, айыпталушы Рахат Тұрлыханов 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазаға тартылады. Қаулы күшін енді.
«Осы материалды қарау барысында, сот алқасы тағайындалған жаза бойынша, бұрын жұбайына бірнеше рет қол көтеру дерегі болуына байланысты бірінші сатыдағы сот шешімімен келіспеді. Алматы соты алқасының шешімі бойынша, Алматы Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шешімі өзгертілді», — делінген сот хабарламасында.
фото: gakku.kz